Kyzylorda-news.kz Айбынды әскердің тірегі – ержүрек сарбаз. Қайтпас қайсар мінезді, алдыңғы шепте журген өжет ер-азаматтар еліне қорған болуға міндетті. Тереңөзектің тумасы Нұрбек Дастанов қазір Алматы облысына қарасты Сарыөзек әскери қалашығында орналасқан 12740 әуе ұтқыр әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуде. Әскер қатарына қабылданып, ел қорғаны бола білген Нұрбектің отбасы ұлдарының болашағынан үлкен үміт күтіп отыр.
Құрлықтық әскерде құрыштай мықты болуға ұмтылған Нұрбек Дастанұлы 18 жасында саптағы сарбаздар қатарына қосылды. Нұрбектің атасы ауданға өте белгілі Ұлы Отан соғысының ардагері Әбіләзи Сүлейменов екенін айтып өткеніміз абзал. Бала кезінен атасының майдан даласындағы батырлығын, бейбіт күндегі еңбегін естіп-біліп және ағаларының тәртіп сақшысы ретінде қоғам тыныштығын күзетіп келе жатқанын көріп өскен жас сарбаз өз арманына қанат бітіріп, бір табан жақындай түсті. Ол – әскерге бармас бұрын, Қызылорда қаласындағы әскери-техникалық мектептен арнайы тағылымдамадан өтті. Оқу барысы екі айға созылып, сол уақытта әскери техниканы жүргізудің қыр-сырына қанығып, көлік жүргізуге арналған куәлік алды. Ант қабылдау рәсімі кезінде Нұрбек өз ептілігімен Отанына адал қызмет ететінін анық байқата түсті.
– Ержүрек ұлымның осыған дейінгі бар еркелігін үйде тастап мықты ұландардың бірі болуына байлам жасағанына өте қатты қуаныштымын. Әрине, біздің кезіміздегі әскери ұстанатын қағида қазіргідей емес, басқаша еді. Қазір заман көшіне қарай барлық талап өзгерген. Ұлдарым Жасұлан мен Бауыржан әскери парызын өтеп, қазір құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүр. 12740 әуе ұтқыр әскери бөлімінде Нұрсұлтан балам да әскери міндетін орындаған болатын. Мұнда әуе жолындағы ұрыс әдіс-тәсілді жан-жақты үйретеді екен, – дейді Нұрбектің әкесі Дастан Сүлейменов бізбен әңгіме барысында.
Әскери өмірдің қыр-сырына үйренісіп, қанығып қалған жас сарбаз командирлерінің рұқсатымен отбасымен әрдайым байланысып тұрады. Бұйырса, өз міндетін асқан абыроймен атқарып, әкесі Дастан мен анасы Әсемкүлге қуаныш сыйламақ ниетте. Нұрбек бабамыз Бауыржан Момышұлының «Терлеп еңбек етерсің, тілегіңе жетерсің» деген қанатты сөзін өмірлік ұран еткен.