Kyzylorda-news.kz Нашақорлық – бүгінгі қоғамды алаңдатқан мәселе. Нашақорлықпен күресу бір адам жеңетін нәрсе емес. Сондықтан бұл мәселеден түрлі саланың мамандары мен ата-аналар, қоғам белсенділері барлығы тысқары қалмауы керек.
Ғасыр індетіне айналған дерттің зияны туралы жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын аудан көлемінде "Нашақорлыққа жол жоқ" тақырыбында жарыс ұйымдастырылады. Алдымен аудандық деңгейде өткен жарысқа ауданның барлық мектебінен келген командалар бақ сынады. Сайыс жеңімпазы ретінде С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп командасы танылып, облыстық жарысқа жолдама алды.
Жақында №137 мектеп командасы Евразия спорт кешенінде өткен жарысқа қатысты. «Нашақорлыққа жол - ЖОҚ» «Бәріңде жарысқа» ұранымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы облыстық жарыста өнерлерін көрсетіп, қазылар алқасынан жақсы баға алды. Жарысқа қатысқан 6 команда арасында жүлделі 2-орын иеленді.
– Жалпы нашақорлық дегеніміз – есірткі немесе психотроптық заттарға тәуелділіктен туындайтын ауру. Нашақорлық көптеген қылмыстарға тікелей себепкер. Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, кәмелетке толмаған нашақорлардың шамамен 2/3 бөлігі қылмыскерге айналады. Себебі, есірткіге деген құмарлық келесі дозаны алу үшін қылмысқа апармай қоймайды. Әсіресе, ұрлық жасауға көптеп итермелейді. Сонымен қатар, кейде агрессивтілік тудыратын есірткілер өзінің қатыгездігімен мағынасыз қылмыстарға жетелейді. Ақырында есірткіден әлсіреген қылмыскер өзі оңай құрбан болады. Бұл ғаламдық мәселе біздің елімізде де айтарлықтай өршіп, ауыздықтатпай тұр. Тас шайнап, құм түкіретін ата-бабамыздың ізін, есірткіні жанына серік еткен нашақор азаматтардың жалғап келе жатқаны әрине, өкінішті-ақ. Осындай мағлұматтарды кеңінен ашып, түрлі форматта оның жолын кесуді ұрандатқан командамыз жүлделі орын алды, – дейді мектеп директоры Бағдат Есназар.
Ғасыр індетімен күресу, оның жайылуына қарсы тұру біздің міндетіміз. Дүниедегі ең құнды, ең бағалы зат – ол сенің өмірің. Сенің өмірің, сенің амандығың, сенің жарқын әрі айқын болашағың өз қолыңда! Дұрыс таңдау – жарқын болашаққа бастар көпір және бақытты өмірдің айнасы.