6 қыркүйек – Анықтау қызметі күні
Kyzylorda-news.kz 6 қыркүйек – Анықтау қызметі күні. Қазақстанда бұл күннің кәсіби мереке ретінде аталып келе жатқанына биыл – отыз төрт жыл. Жалпы анықтаушы – жауаптылық пен аса ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді. Мамандықтың басты міндеті – қылмыстың барлық егжей-тегжейін анықтау, күдікті адамдардың әрекетінің себебін нақтылау немесе қылмыс белгілері болған жағдайда қылмыстық іс қозғау. Анықтау кезеңінде азаматтың қандай да бір қылмыс немесе құқық бұзушылық жасаған уәжін түсіну – басты талап. Біз атаулы мерекеге орай осы салада қызмет атқаратын Мереке Болатқызымен әңгімелестік.
Мереке Қожамұратова – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылында 1996 жылы дүниеге келген.ҚР ІІМ Қостанай Заң академиясына оқуға түсіп, 2017 жылы оқуды аяқтаған. Бүгінде ол Қызылорда қалалық полиция Басқармасының Анықтау бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны қызметін атқарады.
Тілші: Анықтау қызметіне тоқталып өтсеңіз? Жауапкершілігі мен қойылар талабы қандай?
М.Болатқызы:
– Анықтау қызметіне қатысты жауапкершілік пен қойылатын талаптар нақты заңмен реттеледі. Нақты талаптар: қылмыстық процессуалдық заңнаманы жақсы білу, істі заң жүзінде жүргізу, жоғары жауапкершілік адалдық басты орында тұрады. Жалпы қылмыспен күресу – аса маңызды міндет. Біз өзімізге жүктелген міндетті орындап, артылған жауапкершілік үдесінен шығуымыз керек.
Бұл мамандықты таңдар тұста сауаттылық пен төзімділікті басты орынға қою керек. Өзіңіз білетіндей, Ішкі істер саласының қызметі, міндеті ауыр. Әр сағатымыз ғана емес, әр өткен минутымыз маңызды. Сонымен қатар біздің жұмыс қателікті кешірмейді. Біз әр адамның тағдырына жауаптымыз. Кісінің қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па соның барлығын түбегейлі зерттеп, нақты дәлелмен көз жеткізуіміз керек. Жұмыс болған соң әртүрлі жағдай кездеседі.
Тілші: Бұл салаға келуге не түрткі болды?
М.Болатқызы:
– Бұл салаға келуіме заң мен әділеттілікке деген құштарлығым себеп болды. Әр адамның құқығы қорғалуы керек деген сенім мені осы жолға итермеледі.
Тілші: Сіздіңше бұл саладағы мамандардың бойынан қандай қасиеттер табылу керек?
М.Болатқызы:
– Анықтау саласында қызмет ететін қызметкердің бойында ең алдымен әділдік, адалдық және жоғары жауапкершілік керек. Сонымен қатар заңды терең білу, байсалдылық, шынайылық пен төзімділік өте маңызды.
Тілші: Қылмыстың қай түрі жиі орын алады?
М.Болатқызы:
– Алаяқтық қылмыстар жиі болады. Жалпы қоғамда алаяқтық белең алып тұр. Адамдар сенгіш, сезімтал келеді екен. Бізге көп келетін іс те осы.
Тілші: Жұмысыңыздың қиындығы мен қызықты тұсы қандай?
М.Болатқызы:
– Бұл салада қызмет жасау оңай емес, әсіресе қыз бала үшін физикалық, эмоционалдық және моральдық жағынан белгілі бір қиындықтар болады. Дегенмен бұл қиындықтар өз мамандығыңа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік арқылы жеңілдейді. Ең бастысы – мақсат пен сенім.
Тілші: Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Мөлдір САБЫРЖАН