Kyzylorda-news.kz Әлемдегі барлық елдердің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше. Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген болатын. Өз кезегінде кәсіби мемлекеттік қызметші, білімді, білікті, заман талабына сай талаптарға жауап беретін, ең бастысы, биязы мінезді, әдепті маманы болуы қажет. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыстар жасалынуда.
Өткен аптада Қазалы ауданында екі бірдей кәсіби мереке, Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан Республикасының Полициясы күні аталып өтті. Кең көлемдегі мерекелік шара Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет үйінде тойланды.
Аталған кеште Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген қос саланың қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Дамыған мемлекеттің негізгі қозғаушы тетігі – жоспарлы саясаты мен нақты қадамдарын жүзеге асырушы мемлекеттік қызметші болып табылады. Сондықтан да, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – жауапты іс. Мемлекеттік қызметші – іскерлік дағды қалыптастырған еліміздің ең маңызды идеяларының бастаушысы. Ел тыныштығы мен бейбіт өмірі – бәрінен қымбат. Бұл тұрғыда мемлекеттік биліктің қоғамдағы құқықтық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі – Ішкі істер органдарының алар орны ерекше.
Тәртіп сақшыларының кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды. Сіздер ширек ғасырдан астам уақыт ішінде, ел іргесінің сөгілмей, бүтіндігіміздің сақталуына барынша тынымсыз еңбек етіп келесіздер, – деді Қазалы ауданы басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы.
Мұнан соң, мерекеге орай туған жердің дамуы мен қоғамның тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен I дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» 10 жылдық, 15 және 20 жылдық төсбелгілері, облыс және аудан әкімінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хаты және «Қызмет» салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыстады.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы – Әдеп кодексі, ол – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық консультация беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету сынды қағидаларды сақтау керек. Жұмыстан тыс уақытта да, жалпы, қабылданған моральдық әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық жат мінез құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Сонымен қатар, жас мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі өтті. Салтанатты шара соңында аудан өнерпаздарымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері де өнер көрсетіп, жиылғандарға ерекше, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, сала ардагерлеріне аудан әкімінің мерекелік сый-сияпаты табысталды.
Мемлекеттік қызметшілер алдына келген адамның мәселесіне жете мән беріп, шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Кез келген адамды тыңдай білу және кеңдік көрсету ең алдымен, адамның саналылығын білдіреді. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, халқымыз кең де, көркем мінезімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. Сондықтан, халыққа қызмет етудегі басты ұстаным – қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуы керек.