Kyzylorda-news.kz Мәртебелі міндетті мойнына жүктеп, ел мүддесі жолындағы қызметте сенім үдесінен шығуды мақсат еткен жастардың қатары толықты. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға мекеме басшылығы мен жеке құрам, сала ардагерлері қатысып, елеулі сәтке куә болды.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей, саланың салмағын сезінетін қызметкерлер сенімге селкеу түсірмеуге тырысады. Осы ретте, енді қабылданған жас қызметкерлер де кәсіби жолында ерік-жігерін адал еңбек етуге жұмсап, ел тыныштығы мен қоғам қамы үшін тер төгіп, заңдылық пен әділеттілік қағидатын ұстануға берік бекінетінін айтып, ант етті.
– Ер-азамат ретінде Отан алдында орындайтын борышымыз барын жастайымыздан құлағымызға сіңіріп өстік. Сондықтан, жауапкершіліктен жалтармай, әскерге барып, қиын да күрделі салада еңбек етсем деп ұйғардым. Көздеген мұратыма жетіп, қызметке қабылданғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта антыма берік болып, өз ісімді абыроймен атқаруға барымды саламын, - дейді Режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет қатарындағы Батыржан Сәруар.
Мекеме басшылығы кәсіби оқудан өтіп, тәртіп пен талапты терең меңгерген жас қызметкерлерге сенім білдіре отырып, сәттілік тіледі.
