Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Н.Бохаев төрағалық етті.
Күн тәртібіне жоспарланған мәселелер бойынша бірқатар мекеме басшылары шақырылып, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Барлық қабылданған шешімдер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың құқықтарын қорғауды көздейді.
Отырыста, беймезгіл уақытта кәмелетке толмаған балалардың көшеде жүруіне жол бермеу, оларға темекі өнімдері мен алкогольдік ішімдіктердің сатылу жағдайларын болдырмау мақсатында түнгі рейдтік жұмыстарды күшейту қажеттілігі ерекше аталды.
Сонымен бірге мектепішілік есепке алынған оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай оқушылардың спорт секцияларына, мәдени үйірмелерге және қосымша сабақтарға тұрақты қатысуын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Комиссия төрағасы аудандық полиция бөлімі мен аудандық білім бөліміне алдағы уақытта кәмелетке толмаған оқушылар тарапынан қандай да бір құқық бұзушылық фактісі орвн алған жағдайда дереу комиссияға хабарлауды тапсырды. Бұл фактілер комиссия отырысында оқушы мен ата-анасының, мектеп әкімшілігінің қатысуымен қаралатынын және құқық бұзушылық дәлелденген жағдайда ата-анасының жұмыс орнына тиісті хат жолданатынын ескертті.
Сондай-ақ осы тақырып төңірегінде тағы да комиссия отырысы өткізілді. Онда пиротехника заттардан келетін қауіптің алдын алу, мектептердегі интернет қауіпсіздігі және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар бойынша атқарылған шаралар жөнінде жауапты сала мамандары баяндама жасап, нақты көрсеткіштер мен проблемалық тұстар мәселесі талқыланған болатын.
Отырыста сертификатталмаған пиротехникалық заттардың қауіптілігі мен заңсыз сату нүктелерін анықтау мақсатында рейдтерді күшейту, кәсіпкерлер мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мектептерде ақпараттық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, кибербуллингтің алдын алу және оқушылардың зиянды контенттерден қорғалуына қатысты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, алдағы мереке күндері тұрғындар арасында пиротехникалық заттарды қолдану жиілейтінін ескере отырып, сертификатталмаған өнімдердің таралуын болдырмау үшін рейдтік шараларды одан әрі күшейту міндеттелді.
Сонымен бірге, полиция бөлімі тарапынан жыл басынан жүргізілген рейдтік іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 872 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталғаны, мектептерде профилактикалық кездесулер саны артқаны және түнгі рейдтердің нәтижесі баяндалды. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы қылмыс тіркелмегені атап өтілді.
Комиссия төрағасы Н.Бохаев барлық мекемелердің үйлесімді жұмысын ерекше атап өтіп, жасөспірімдер тәрбиесіне ата-аналарды белсенді тарту және әр салада профилактикалық шараларды күшейту мақсатында нақты тапсырмалар берді.
