Kyzylorda-news.kz Биыл жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қадағалаусыз жүрген мың жарымға жуық дерек тіркелген. Оның ішінде түн мезгілінде қараусыз жүрген 83 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Бұл туралы Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшысы Айдар Қасанов айтты.
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау, алдын алу, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу полиция мамандарына қойылған басты талаптың бірі. Бұл бағытта аталған басқарманың ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері тұрақты рейд шараларын өткізіп келеді.
Қалалық полиция басқармасының басышысының айтуынша, жоғарыда тіркелген деректер негізінде 2 кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралып, комиссия мүшелерінің шешімімен «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына» орналастыруға Қызылорда облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына құжаттары жолданған. Нәтижесінде 1 жасөспірімге қатысты сот шешіміне сәйкес Тараз қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына жолданса, екінші жасөспірімнің ісі сотта қаралуда.
Бұдан бөлек мамандар тарапынан құқық бұзушылыққа бейім ретінде танылатын 86 жас пен жасөспірімнің тізімі жасақталған. Сондай-ақ басқарманың біріктірілген деректер базасына әртүрлі санатта 28 жасөспірімді профилактикалық тізімдік есепке алып, олармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бала тәрбиесі қай кезеңде де өзекті. Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын құқықбұзушылықтар, қылмыстық оқиғалар, топтық төбелестер мен өзара жанжалдар дендеп барады. Қоғамның базынасы болған мәселе полиция басқармасы тарапынан үнемі бақылауда.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшысы Айдар Қасанов жыл басынан бері кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың статистикалық есебіне сәйкес 2 қылмыстық іс тіркеуге алынғанын айтады.
– Жалағаш ауданының 1999 жылғы тұрғыны өткен жылы түнгі сағат 01-10 шамасында Қызылорда қаласында белгісіз біреу ұялы телефонын қоңырау шалуға сұрап, алып қашып кеткендігі туралы шағым түсірген. Іздестіру жұмысы барысында осы қылмысқа қатысы бар ішкі істер органдарының есебінде тұрған Титов қыстағының 2007 жылы туған тұрғыны ұсталып, қылмыстық іс тіркеуге алынды. Сонымен қатар, биыл қаңтар айында кәселеттік жасқа толмаған М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің 3 курс студенті қатарласына белгісіз үшкір затпен дене жарақатын салғаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 106 бабы, 2 бөлігімен қылмыстық іс тіркеуге алынды, – дейді басқарма басшысы.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі ата-ананың баланы қараусыз, қадағалаусыз жіберуі, тәрбиедегі олқылық салдарынан болып отыр. Қазіргі таңда полиция басқрамсының мамандары жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен орын алған қылмыстық оқиғаларға байланысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады. Мәселен, көпшілік арасында шу болған белкөл кентіндегі №189 мектептің 9-10 сынып оқушылары арасындағы орын алған ауыр қылмыс санаты бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3 – бөлігімен тіркеуге алынған іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың ақпан айының 12-сі күні инстаграм әлеуметтік желісінде М.Мәметова атындағы жоғары колледжінің 2 курстың бірге оқитын екі студенті бір-бірімен жанжалдасып, аяғы оқу орны алдында пышақ жарақатын салғаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, 3 бөлігімен тіркеуге алынғанқылмыстық іс бар. Сондай-ақ биыл ақпан айында Абай даңғылы №30 мекенжайда орналасқан гараждар арасында 6 жасар балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекет жаса әрекеттерін жасаған №282 мектептің 9 сынып оқушысы екені анықталып қамауға алынған.
Осы орайда қалалық полиция басқармасы мамандары әрбір ата-ана баласының араласатын ортасын біліп, оның күнделікті білім мен тәрбиесіне, тәртібіне мән берсе, мектептегі сынып жетекші, тәрбие орынбасарларымен өзара байланыс орнатса түрлі қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың азаюына сеп болатынын жеткізді.
А.Әлім