Kyzylorda-news.kz  Өткен жылы Қызылорда облысының Полиция департаментіне отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық туралы 2159 өтініш келіп түскен. Ал биыл 3 айда жаңа заңнама шеңберінде тұрмыстық жанжал бойынша 596 өтініш қаралған. Шағымдардың басым бөлігіне әкімшілік іс жүргізу қозғалса, әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге артқан. Мәселен, 2023 жылы 60 адам болса, биыл бұл сан 110-ға жетті. Бүгінде профилактикалық есеп бойынша «Қолайсыз отбасы» санатында 99 тұлға есепте тұрады.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында кәсіпорындар, ұйымдар мен оқу орындарында заңнаманы түсіндіру және әйелдерге құқықтық кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы кездесулер ұйымдастырылып, жадынамалар таратылуда. Жоспарға сәйкес «Тұрмыс», «Квадрат», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» секілді профилактикалық іс-шаралар жиі өтеді. Сонымен қатар, қала мен аудан көлемінде учаскелік полиция инспекторлары және ювеналды полиция тобы қызметкерлерінің қатысуымен қолайсыз отбасы санатындағы жанұялар тексеріліп, профилактикалық әңгімелесу жүргізілген.

Қазір Қызылорда облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын мемлекеттік емес «Жан», «Ана Үйі», «Қамқорлық» дағдарыс орталықтары бар. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды бейімдеу әрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дағдарыс орталықтарына уақытша орналастырылады.

Не істеу керек?

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың зардабын шеккендер ең алдымен «102» телефоны бойынша зорлық-зомбылық туралы ауызша немесе жазбаша өтінішпен полицияға дереу хабарласуы қажет. Жарақат алған жағдайда «103» нөмірі бойынша жедел жәрдем шақыру және полиция қызметкерінен сот-медициналық сараптамадан өтуге жолдама алуы керек.

Балалар, жастар және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін тәулік бойы «111» немесе «150» сенім телефоны жұмыс істейді. Барлық өңірдегі тұрғындар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгіне алады. Жәбірленуші құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмекке, сондай-ақ орталықта уақытша тұруға өтініш бере алады.

Бұл не?

Тұрмыстық зорлық-­зом­былық – отбасы­тұрмыстық қатынастар аясында адамның денесіне, психилогиясына зар­дап келтіру қаупі бар әрекет деп есептеледі.

Күш көрсету зорлық­-зомбылығы – дене күшін қол­данып, енсаулыққа қаса қана зиян келтіру.

Экономикалық зорлық-­зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйі, тамағы, киімі, мүлкі, қаражатынан қасақана айыру.

Сексуалдық зорлық­-зомбылық – адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс­әрекет, сондай­ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс­-әрекеттер.

Психологиялық зорлық­-зомбылық – қор­қыту, қорлау, бопсалау, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-­ақ психикалық немесе жеке бастың дамуына кері әсер ететін әрекет жасауға мәжбүрлеу.

– Зорлықтың қай түрі болсын, ересектерге де, балаларға да қауіпті. Түбінде жақсылыққа алып келмейді. Әрине, бұл мәселенің астарында «отбасылық сценарий» секілді ауыр мәселе жатыр. Дегенмен әйел адам қазір зорлық-зомбылық пен қысым көрген ортадан кетпейінше, жан жарасы жазылмайды. Мұндайда өзі дүниеге келген отбасы мен жақындарының қолдауы аса пайдалы. Өйткені зорлық-зомбылық құрбандары өзін қорғайтын адам жоқ болғандықтан, осылай көніп жүре береді, – деді сұхбатының бірінде психолог маман Лаура Мұхамбетжанқызы.

Гендерлік теңдік не дейді?

Өткен жылы Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша 146 елдің арасында 62-орынға жайғасты. Әлем бойынша үздік көрсеткіштер Исландия, Норвегия, Финляндия, Жаңа Зеландия және Швецияда. ТМД елдері арасында Беларусь 41-орын, Армения 61-орын және Қазақстан мен Украина 66-орын орындарға ие. Одан кейін үлкен айырмашылықпен Қырғызстан 84-орын, Әзірбайжан 97-орын және Тәжікстан 111-орында тұр.

Әйелдер үшін ең нашар ел ретінде Алжир, Чад және Ауғанстан аталды. Индекс жыл сайын гендерлік тепе-теңдіктің қазіргі жай-күйі мен эволюциясын төрт негізгі өлшем бойынша бағалайды. Атап айтсақ, экономикалық қатысу және мүмкіндіктер, білім деңгейі, денсаулық пен өмір және саяси мүмкіндіктер. Ең басты фактор – әйелді құрметтеу екені де анық.

Салтанат үшін…

Қазір ел аумағында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенованы еске алу және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы наразылық акциялары ұйым-дастырылуда. Бұл жағдайға шетелдегі қандастарымыз да бей-жай қарамады. Сәуір айында бірнеше мемлекетте бейбіт митинг өтті.

Италиядағы Милан қаласында ұйымдастырылған «Салтанат үшін!» акциясы туралы білу үшін жерлесіміз Әлеммен байланысқа шықтық. Ол − Миланда «Сән және тағамдық коммуникацияларды басқару» бағдарламасының студенті. Әлемнің айтуынша, демалыс күндері ата анасы Рим қаласына қонаққа келген. Сол сәтте бірнеше қалада нара зылық акциясының өтетінін естіп, отбасымен бірге қатысуды шешкен.

«Салтанат үшін!» акциясы әлемнің 17 мемлекетінде бір уақытта өткен. Римдегі қозғалысқа Италия мен Еу ропада тұратын жастар жиналған. Тек Римнің өзінде ак цияны қолдауға 100-ден аса адам қатысқан. Италиядағы ми тингтік құқық туралы сұрағанымызда Әлем наразылық ак циясын жүргізуде ешқандай қиындық болмағанын айтты.

– Шетел азаматтарының қолдауы біз үшін маңызды болды. Қазақстанда болған зорлық-зомбылық мәселесі ту ралы ақпараттарды шығардық. Бұл акция арқылы елдегі ахуалға халықаралық назар аударылып, оң өзгерістерге әсер етеді деп сенемін. Ең бастысы, өз ойыңды айтудан қорықпау, өтірік айтпау, – деді акцияға қатысушы.

«Салтанат үшін!» митингі Германияда да болды. Аугсбург қаласындағы жағдай туралы білу үшін Айгерім Болатовамен хабарластық. Оның айтуынша, митинг туралы әлеу меттік желіден көріп, арнайы Мюнхен қаласына барған. Наразылық акциясына 70-80 адам қатысыпты. Қозғалыс 13 сәуір күні Мюнхен, Рим, Флоренция, Болонья, Турин, Лондон мен Парижде бір уақытта болған.

– Қозғалысқа қатысқан адамдардың 80%-ы қазақтар. Украиналықтармен қатар шетелдіктердің тарапынан қолдау болды. Осы секілді бейбіт митинг ұйымдастыруға Германия әкімшілігінен рұқсат алу оңай және әр тұр ғынның жеке пікірін білдіруге мүмкіндігі бар. Ұйымдастырушылар алдын ала арнайы рұқсат алған. Еуропада тұрмыстық зорлық-зомбылық ұзақ жылдар бұрын криминализацияланған. Ал бізде ондай заң жоқ екенін білгенде олар таңғалды. Жаңа заң аясында жақсы нәтижеге жете тінімізге сенемін. Әрине, отбасы құндылығы маңызды. Бірақ адамның саулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет, – деді Ақерке.

Осы орайда Грузия мемлекетінің заңына назар салсақ. Зорлық-зомбылық фактісі туралы хабарлама түскен кезде полиция жәбірленушіге, зорлық-зомбылық куәгеріне не месе медициналық, заңдық, психологиялық көмек көр сететін адамға, ал кәмелетке толмаған адамға қатысты мәселеде қамқоршылық органдарына кімнің жүгінгеніне қа рамастан, оқиға орнына дереу келуге міндетті. Сондай-ақ, шақыруға шыққан полиция қызметкерлерінің қатарында әйел болуы тиіс.

Айта кетейік, Грузия Үкіметі жанынан Гендерлік теңдік, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық және от басындағы зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Негізгі миссиясы ел заңнамасында көзделген гендерлік және басқа да мәселелер бойынша жүйелі және үйлестірілген жұмысты қамтамасыз ету.

Жаза күшейді

Елдегі заңнамаға тоқталсақ. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі салалық нормативтік-құқықтық актіге сәйкес «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» ҚР Заңы 2009 жылы қабылданған. Өткен жылдың 19 мамырынан Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне адамдар денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін біліктілік белгісін енгізуді көздейтін түзетулер күшіне енген болатын. Бұл тұста санкциялар да күшейтілді.

Ал 1 шілдеден бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік іс жүргізуді қозғаудың арыз иесінен анықтау тәртібіне көшуді көздейтін түзетулер күшіне енді. Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі де алынып тасталды.

2023 жылдың қазан айынан бастап құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсету үшін отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды.

Өткен жылы ұйымдастырылған «Тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы іс-қимыл: проблемалар және шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын одан әрі ілгерілету бойынша ұсынымдар әзірленді.

Ал биылдан бастап халық тарапынан наразылықтың күшеюінен сәуір айында Парламент Сенаты екі оқылымда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңды, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді мақұлдады. Түзетулер мемлекеттік отбасылық саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатайтуға, отбасы мен тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алдын алуға бағытталған.

Осы жылы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды.

Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Бұрын ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде есептелсе, енді осы секілді қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Жазаларға 80-200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.

Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алынады.

Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.

Әйелге құрмет

Кезінде қазақ ер-азаматтарының қыздарды сыйлағаны, құрметтегені көп айтылады. Ал бүгінде бұл тәрбие әлсіреп, азаматым деп сенгені неге қанішерге айналды? Осы тұста мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбайдың пікірі еске түседі. Зерттеуші әйелдер мәртебесінің төмендеуіне Кеңес Одағының отарлау саясатының әсері бар екенін айтады.

– Кеңес идеологиясы қазақтарды надан деп нандыруға тырысты. Қазақтардың дәстүрінде әйелдерді мүлдем сыйламаған, ал қыз-келіншектер құлдықта езілген деп көрсеткісі келді. Өкінішке қарай, 90-жылдары өз дәстүрлерімізге оралып бастағанда осы кеңес билігі таңып берген теріс дәстүрлерді қайта жаңғырттық – деді ғалым.

В. Григорьевтің жазбасында: «Қазақ әйелдері үйде қамалып отыру дегенді білмейді. Басқа көрші елдерге қарағанда, қазақ қоғамында әйелдер әлдеқайда еркін, үлкен құрметке ие, тіпті салыстыруға да келмейді» делінген.

PS.  Ендігі көңілге медеу – жаңа заң. Өмірі қорқынышқа ұласқан қазақ әйелдері үшін білім алып, өз құқығын қорғай алу − қауіпсіздіктің алғашқы баспалдағына айналу керек.

 

А.Жанәбілқызы
Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: