Kyzylorda-news.kz Қызылордада интернет-алаяқтық 6,5%-ға төмендеді, - деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қазіргі таңда интернет кеңістігі тек мүмкіндіктер алаңы ғана емес, қылмыстық әрекеттердің де жаңа өрісіне айналып отыр. Әсіресе, алаяқтар заманауи технологияларды шебер пайдаланып, күн сайын айла-тәсілдерін түрлендіруде. Соның салдарынан көптеген азаматтар сенімге алданып, адал еңбегімен тапқан қаражатынан айырылып қалып жатыр.

Көп жағдайда алаяқтар жұмысқа орналастыру, мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеу немесе түрлі әлеуметтік мәселелерді "оңай шешіп беруге" уәде беріп, адамдарды алдап соғады. Осыған байланысты Қызылорда облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде. 

Тәртіп сақшылары алаяқтардың кең таралған тәсілдерін, олардың әрекет ету жолдарын түсіндіріп, тұрғындарды сақ болуға шақыруда. Ауқымды түсіндіру шаралары базарларда, сауда үйлерінде және қоғамдық орындарда ұйымдастырылып, азаматтарға банк карталарын қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау, күмәнді ұсыныстардан сақтану жолдары жан-жақты баяндалуда. Сонымен қатар Жедел басқару орталығының кезекшілері облыс орталығында орнатылған 12 "SOS" жедел шақыру жүйесі арқылы сақтық шаралары жөнінде үздіксіз аудиохабарламалар таратуда. Жүргізілген профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беруде. Жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілері 6,5%-ға төмендеді. Ал мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші айтарлықтай өсіп, 43,8%-дан 76,2%-ға жетті. 

Бұдан бөлек, облыстық әкімдікпен бірлесе отырып, барлық мекемелер мен ұйымдардың ресми парақшаларында алаяқтық схемалары мен одан сақтану жолдары көрсетілген жадынамалар кеңінен жариялануда. Сондай-ақ интернет-алаяқтыққа қатысы бар "дропперлерге" қатысты енгізілген жаңа заң нормалары (ҚР ҚК 232-1-бабы) тұрғындарға түсіндірілуде. Мәселен, Қызылорда облысында тұрғынның қаражатын заңсыз иемденген алаяққа қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу барысында күдіктінің әлеуметтік желі арқылы сенімге кіріп, алдау жолымен ақша иемденгені анықталды. Жәбірленуші TikTok желісіндегі арзан бағамен кілем сатуға арналған тікелей эфирге сеніп, көрсетілген есепшотқа 50 мың теңге аударған.

 Алайда уәде етілген тауар жеткізілмеген. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі мен Ресей Федерациясы ІІМ Байқоңыр кешені полиция басқармасы қызметкерлері бірлесіп, 38 жастағы күдіктіні ұстады. Тексеру барысында оның осыған ұқсас тағы төрт дерекке қатысы бары белгілі болды. 

Аталған іс айыптау актісімен сотқа жолданып, 2026 жылғы 5 наурызда Қызылорда қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Тәртіп сақшылары азаматтарды қырағылық танытып, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға жеке деректерін бермеуге шақырады.

Фото: polisia.kz

Тағы да оқыңыз: