Kyzylorda-news.kz   Қызылорда облысының тұрғыны жаңа туған егіз баласын 546 мың теңгеге сатып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 
Облыстық соттың мәліметінше, сотталушы әйел егіз баласы болатынын біліп, оларды сатуға шешім қабылдаған. Қылмыстық жоспарын жүзеге асыру үшін өзінің  ерлі-зайыпты достарымен кездесіп, босанғаннан кейін балаларын ақшаға беруге келісетінін айтқан.

“Келісім бойынша ерлі-зайыптылар айыпталушыға 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары үшін дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алу үшін 60 000 теңге аударған. 2023 жылдың сәуір айында босанғаннан кейін айыпталушы жаңа туған балаларын ерлі-зайыптыларға тапсырып, 200 000 теңге алған. Содан кейін “сатып алушылар” келіскен соманы бөліп төлеуге келісіп, оған 252 000 теңге және тағы 34 000 теңгені бөлек аударған. Осылайша, айыпталушы  ерлі-зайыптылардан небәрі 546 000 теңге алған", – делінген хабарламада.

Кейінірек айыпталушы мен ерлі-зайыптылар нотариусқа жүгініп, балалардың биологиялық анасы оларды асырап алуға және кейіннен қорғаншылық жасауға келісімін берген.

"Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен балаларын сатқан сотталушы кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Баланы сатып алушы ерлі-зайыптылар кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген сот хабарламасында.

Фото: istock.com 

Тағы да оқыңыз: