Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреу үйінің ауласына заңсыз кіріп, есігі ашық тұрған көлігінің ішінен аккумулятор ұрлап кеткенін хабарлады.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен облыс орталығының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті ұрлаған затты сатып, ақшасын өз бас пайдасына жаратқан.
Тексеру барысында күдіктінің басқа да осы тектес қылмыстарға қатыстылығы анықталды. Ол 1 ай бойы қала орталығында автокөліктердің есігі ашықтығын пайдаланып, сонымен қатар дабыл орнатылмаған көліктерден магнитофон, аккумулятор және тағы да басқа құнды заттарды ұрлап келген. Полицейлер оның 10 ұрлық эпизодына қатыстылығын дәлелдеді.
Ұрланған 5 аккумулятор, магнитофон және тағы да басқа көлік заттары сатып алушылардан, қалғаны күдіктінің үйінен тәркіленді. Жәбірленушілерге келтірілген залал шамамен 1 млн теңгені құрады.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп – тексеру әрекеттері жүргізілуде. Ұрлық қылмысына күдіктелген азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қызылорда облысының полицейлері өз мүліктеріңізге барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше аулаларыңызға бейнебақылау камераларын, ал көліктеріңізге дабылқаққыш орнатуға кеңес береді.
Фото: Қызылорда облысының Полиция департаменті