Kyzylorda-news.kz  Қызылорда облысында Ғазиз Байтасов атындағы «Жас жол инспекторларының» ХХІ республикалық слетінің ауданаралық кезеңі өтті. Шараға 7 ауданнан 7 команда қатысты. 

Салтанатты шараның ашылуына Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.Абдраманов қатысып, жас жол инспекторларының қоғамдағы рөліне тоқталды. Өз сөзінде ол жасөспірімдер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтіп, мұндай шаралар балалардың жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, білім мен шеберлік сындарында жоғары нәтиже көрсетуге шақырды.

Ауданаралық слет жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелерін жетік меңгеруіне, құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.  

Байқау бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар үгіт-насихат жұмыстары бойынша көрініс қойып, шығармашылық өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын білу бойынша тест тапсырмаларын орындап, эрудиттік және логикалық сұрақтарға жауап берді.

«Жас санитар» кезеңінде алғашқы көмек көрсету бойынша теориялық және тәжірибелік тапсырмалар орындалса, «Жас реттеуші» кезеңінде жол қозғалысын реттеу машықтары сынға түсті. Сондай-ақ қатысушылар велосипедті мәнерлеп жүргізу сайысында өз шеберліктерін көрсетті.
Іс-шара барысында жас инспекторлар жол қауіпсіздігін сақтау мәдениетін насихаттап, өздерінің білімдері мен дайындық деңгейін көрсетті.

Қорытынды бойынша І орынға — Байқоңыр қаласының командасы, ІІ орынға — Сырдария ауданының командасы, ІІІ орынға — Қазалы ауданының командасы ие болды. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Тағы да оқыңыз: