Kyzylorda-news.kz Қызылордалық полицейлер жылдағы дәстүр бойынша 14 маусым – Дүниежүзілік қан доноры күніне орай «Донор бол» акциясына қатысып, 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында игі бастама көтерді.
Полиция департаментінің қызметкерлері ерікті түрде қан тапсырып, қайырымдылық акциясына белсенді атсалысты.
Осы күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жанашырлық пен мейірімділік танытып, донор атанды. Қызметкерлер таңнан бастап қан тапсыруға кезекке тұрып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге өз үлестерін қосты.
«Донор болуға ниет білдірушілердің қатары жыл сайын артып келеді. Адам өмірін сақтап қалу мақсатында қызметкерлеріміз бұл бастамаға белсенді қатысып отыр. Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың 200-ден астам қызметкері қан тапсырып, донор болды. Дәрігердің тексеруінен өткен қызметкерлер ғана қан тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Полицейлер өзгенің өмірін сақтап қалуды азаматтық борышы деп санайды», – дейді Полиция департаментінің өкілдері.
Дәрігерлер полицейлердің тұрақты медициналық тексеруден өтіп, денсаулығына жауапкершілікпен қарайтынын атап өтіп, оларды сенімді донорлар қатарында екенін жеткізді.
Қан орталығының директоры Үсенов Жалғасбек Тұрлыбекұлы полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Полиция департаментінің барлық донорларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстан полициясы күні қарсаңында жасап жатқан игі бастамаларыңыз үшін алғыс айтамын. Қиын әрі жауапты қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын», – деді ол.
Жыл сайын қан тапсыру акциясына белсенді қатысып келе жатқан Қызылорда облысы Полиция департаменті Қан орталығының алғыс хатымен марапатталды.

