Kyzylorda-news.kz Ел қауіпсіздігі жолында өз өмірін қатерге тігіп, қызмет атқарып жүрген полицейлер еңбегінің жауапкершілігі зор. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының рөлі ерекше.

Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсаты. Оларға артылатын жүк ауыр. Сондықтан да қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым шепте тұратын олардың қызметі қашанда өзекті.

Бүгінгі кейіпкеріміз – Белкөл кентіндегі № 17 учаскелік полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Жұмаділдаев Рахымжан Айғалиұлы. Ол 1990 жылы 11 маусымда Қызылорда облысында дүниеге келген. 2008 жылы Қызылорда гуманитарлық-заң колледжін тәмамдаған. Қызмет жолын 2019 жылы Қызылорда қаласы Полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде патрульдік полиция инспекторы ретінде бастаған. 2024 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді.

№ 17 учаскелік полиция пунктіне 2 елді мекен кіреді. Аймақта 5 мыңға жуық халық тұрады. Бұл аймақта учаскелік полиция инспекторы мен оның көмекшісі қызмет атқарып келеді.

полиция.jpeg

Профилактикалық есепте 7 азамат тіркелген. Учаскелік полиция инспекторы олармен күнделікті түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2025 жылы аталған аумақта 1 ғана қылмыс тіркелген. Бұл мал ұрлығы дерегі учаскелік полиция инспекторы Рахымжан Жұмаділдаевтың жедел әрекетінің арқасында дер кезінде ашылған.

Таңмен жарыса тұрып, халық игілігіне қызмет атқаратын полиция капитаны Рахымжан бөлім басшылығынан берілген тапсырмаларды, нұсқауларды бұлжытпай орындауда аса жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, өзіне бекітілген учаскелік аймағында қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты болдырмау және алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізеді.

«Учаскелік полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – әкімшілік аумақта қылмыстың алдын алу, тұрғындармен тығыз байланыс орнату. Халықты тану, олармен тұрақты сұхбат жүргізу арқылы көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға болады» дейді учаскелік полиция инспекторы.

Айта кету керек полиция пункті күн сайын түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді, ал шақырулар тәулік бойы қабылданады. Әрбір шақыру барысында полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жағдайға байланысты тиісті шаралар қабылдайды.

полиция.jpeg

Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету — баршаға ортақ міндет. Заңды сақтау, құқық қорғау органдарының қызметіне қолдау көрсету – әрбір азаматтың борышы.

Тағы да оқыңыз: