Kyzylorda-news.kz Бүгін Қызылорда облыстық сотында 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара өтті.

Шараға Қызылорда облыстық соты төрағасы Ә.Шығамбаев, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы, БАҚ жұмысын үйлестіруші судья Б.Қалымбет және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шараны облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев ашып, журналистика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның институты ретінде билік пен халықты байланыстырушы және еліміздің жетістіктері мен жағымды жаңалықтарының жаршысына айнала білгенін атап өтті.

Шара барысында сот жүйесі қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін БАҚ өкілдері Қызылорда облыстық сотының төрағасының және Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Сонымен қатар, шарада Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен журналистер арасында өткізілген «Сот репортері» байқауының І кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша ІІ орынды Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Г.Дүйсебаева, І орынды ардагер журналист Б.Бүркітбайұлының «Сыр дидары» газетінде жарық көрген «Қара қылды қақ жарған» мақаласы жеңіп алды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің атынан Б.Бүркітбайұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Тағы да оқыңыз: