Kyzylorda-news.kz 7 мамыр – ҚР Қарулы күштерінің құрылған күні. Бұл күнді қазақстандықтар Отан қорғаушылар күні деп, жыл сайын атап өтеді. Осы айтулы күнге орай, Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана Абылайхан атындағы жоғары колледж студенттерінің қатысуымен «Әскер – ел тірегі» атты патриоттық сағат өткізді.
Шараға арнайы «Отан қорғау-абыройлы міндет» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмедегі ел тарихындағы елеулі оқиғаларды, батылдық пен ерлікті, қаһармандық пен елдіктің нышанын, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықты жырлайтын ерлік жайлы дастандар, ата-бабаларымыздың ерлігін дәріптейтін әдебиеттер оқырмандардың ерекше сұранысына ие болды.
Мерекелік шара барысында «Төтенше жағдайда қорғау» мамандығының 1 курс студенттері Нұрханов Мейіржан, Құрбан Ерасыл, Оразбек Ердәулет өз ой-пікірлерімен бөлісіп, біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін, абыройы асқақ азаматтардың мерекесі, Отан қорғаушылар күні құтты болсын деп жылы лебіздерін жеткізді.
Жас жеткіншек ұрпақ бойына Отанды сүюге, ерлік көрсеткен батырлардың бойындағы ержүректілікті, ұлтжандылықты, Отанын, елін қорғай білуге, отаншылдық рухымызды шыңдап, қастерлей білуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара өз деңгейінде аталып өтті.