Kyzylorda-news.kz Алаяқтың қоғамға қауіптілігі – бұл алдау немесе сенімге қиянат жасау нәтижесінде болатын қылмыс деп түсінуге болады. Пайдакүнемдік қасиеттер адамдар арасында кең тараған, алдау мен жалған мәлімет айту – қазіргі күні қиынға соқпайды. Алаяқтық – бұл жәбірленушіні алдап, пайда алу тәсілі. Қазіргі таңда алаяқтықты ауыр қылмыстар қатарына жатқызуға болады. ҚР ҚК 190 бабына сәйкес, алаяқтық – алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.

Соңғы кездері ел бойынша әртүрлі деңгейдегі алаяқтар көбеюде. Олар кәріні де, жасты да жүзбе-жүз және сырттай да, телефон немесе келісім шарт арқылы алдап соғуда. Осыдан соң адамдар пәтерлерін, ақшасын, жүйкесін, әділеттілікке деген сенімін жоғалтып жатыр. Неліктен қазіргі уақытта бұл келеңсіздіктер кеңінен орын алуда? Мұндайда қалай күресіп, не істеу керек? Осы сауалдар барлығымызды да мазалайтыны шындық.

Арбауға қалай түспеуге болады?

Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Мәселен, қоғамды компьютерлендіру және ақпараттандыру алаяқтықтың дамуына түрткі болды. Компьютерлер, ұялы байланыс, интернет арқылы қаржылық пирамидалар мен компьютерлік вирустарды құру, электрондық карталардың пин-кодтарын қулықпен біліп алу арқылы адамдарды алдауға мүмкіндік береді. Алаяқтардың пайда болуының тағы бір себебі – балалардың туғаннан бастап, мектеп бітіргенге дейінгі тәрбие процесіндегі теңгерімсіздік. Сонымен бірге адал жолмен еңбектенбей, масылдыққа бой ұрған, жеңіл ақша табуды көздегендер алаяқтықтың түрлі тәсілін ойлап шығаруда.

Арбаудың құрсағына түспеу жолдары қандай дерсіз. Ең қарапайым жауап – алаяқтықтың әдістері мен тәсілдері туралы біліммен барынша қарулану. "Компьютер мен смартфонды вирустардан қалай қорғауға болатындығын алдын ала біліп алу. Ешкімге және ешқашан парольдер мен пин-кодтарды бермеңіз. Пайданың өте жоғары пайызын уәде ететін ұйымдарға ақша салмаңыз. Қол қоймас бұрын келісімшарттардың мазмұнымен танысыңыз. Белгісіз адамдардың телефон қоңырауларына жауап бермеңіз. Ақыл-ойды қосыңыз. Сонда кез келген алдаудан аулақ бола аласыз", дейді мамандар.

Кейбір интернет бағдарламаларды смартфон не компьютерге құйып алған жағдайда олардың қаншалықты қауіпсіз екендігін білген жөн. Кейбіреулері, мысалы AnyDesk бағдарламасы арқылы, алаяқтар кез келген адамның банктік шоттарына оп-оңай кіріп, әртүрлі операциялар жасау арқылы азаматтардың шоттарындағы қаражаттарын шешіп алып жататыны анықталып жатыр.

Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеу. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.

Аңдушыны алушы жеңе ме?

Алаяқтық – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол тек қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс табады. Алаяқтықтың қазіргі уақыттағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық қарқын алып тұр. Оның түрлері де уақыт өткен сайын кең таралуда.

Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. "WatsApp" мессенджері арқылы чат құрып, тез байып кетудің айла-тәсілдерін көрсете отырып, әртүрлі көлемде салған ақшаларын бірнеше есеге арттырып беретіндерін жарнамалап, нәтижесінде адамдар пайыздап алатын ақшаларын айтпағанда өздерінің салған қаражаттарынан да айырылып қалып жатады. Өкініштісі, кейбір тұлғалар мұндай чаттардың күмән тудыратынын біле тұра, тәуекелге бел буып, өз қаражаттарын салып жібереді. Бұл тек интернет алаяқтықтың бір ғана түрі.

Кейінгі кезде алаяқтардың "Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды" деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SMS-хабарламалар жіберуі жиіліп кеткен. "Жүлдені сіздің абоненттік нөміріңіз кездейсоқ таңдау арқылы жеңіп алды" деп ұтысты жеткізіп беру үшін тауарға қосылған құн салығын ғана төлеу қажеттігін айтады. Белгілі бір шотқа ақша қаражаттарын аудартып алып, кейіннен ұтыс та шотқа салған ақша қаражаты да "жүлдегерге" қайтып берілмейді. Алаяқтардың айла-тәсілдері мұнымен шектелмейді.

Айта кетерлік жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа да ие болады. Яғни бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте де жүруі мүмкін. Сол себепті, қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Сондықтан мамандар интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары ретінде дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауды, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырады.

Осындай мәтінде хабарласқан алаяқтар алтын купонды билеттің иегерісіз. Шетелдік су жаңа автокөліктің иегері атануға бір қадам қалды деген қуанышты хабар жеткізетіндердің қулығына түскендер аз емес. Соның бірі есімін жасыруды сұраған қазалылық Ш.Е есімді келіншек қомақты қаржыға сапасыз иіссу сатып алумен қоса, миллионға жуық несие алып, аударып жіберуге дейін жеткізген. Соның қаражатын әлі күнге дейін төлеп жүргеніне іштей қынжылады.

Мұндай мәтіндегі халықтың сан соғып қалуын естігенде "Түлкі мен ешкі" мысалы есіңе түседі. Мысалдағы апанға түскен түлкі айласының арқасында ешкіні құдыққа түсіріп, өзі сыртқа шығып кетеді. Ғажайыпқа сеніп, "Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар" деген сөз осыдан қалса керек.

Ұялы оператор қызметкері бір реттік код сұрамайды

Бұдан бөлек алаяқтықтың жаңа түрі шықты. Яғни "SIM картаның мерзімі өтті" деп белгісіз нөмерден хабараласып, оны создырмау, создыруды сұрайды. Сасқалақтаған үйректей болған абонент әрине бірнеше сұрақты қояды. Дегенмен алдын ала дайындалған мәтінмен ойланып үлгеруіне уақыт бермей, жауабын тездетіп беруге асықтырады. Егер создырамасаңыз нөміріңізді базадан шығарамыз деп үркітеді. Келіссеңіз. 1414 арқылы код жібереді. Оны шиқылдаған дыбыстан соң айтып беруіңіз қажет болады. Айтсаңыз. Ол цифрлар арқылы алаяқтар өз ісіне кіріседі. Осылайша абономент сыртынан қомақты несиені рәсімдеп, сазға отырғызады.

Ал байланыс операторларының мәлімдеуінше, барлық клиенттерін сақ болуға үндеген хабарлама таратылған. Олар: "Құрметті клиенттер, сақ болыңыз! Құпия ақпаратты заңсыз алу немесе деректеріңізге қол жеткізу үшін алаяқтар Kcell/activ атынан қоңырау шалатын жағдайлар жиілеп кетті.

Жеке деректеріңізді, SMS-тен бір реттік растау кодтарын бермеңіз және күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз! Kcell/activ қызметкерлері сізден SMS, жеке және банктік мәліметтерден бір реттік кодтар туралы сұрамайды" деген мәтінде жібергендіктерін айтуда.

Бірақ бұл смстерді көрмеген, әлде оларға келмегендіктен білмеген жандар қаншама.

Жақында Polisia.kz ақпараттық-медиа порталында алаяқтар 63 жастағы тұрғынға SIM-картасының қолданылу мерзімі аяқталғанын айту арқылы 3 миллион теңге несие рәсімдегенін жариялады. Осылайша мамандар алаяқтықтың жаңа түрінен сақтануға шақырды.

Алаяқтар алдымен әйелге SIM-картасының мерзімі аяқталатыны туралы ескерту жасап, қоңырау шалған. Жаңарту үшін хабарламадан келген кодты айтуын өтінген. Сөйтіп, олар әйелге оңай үш миллион теңге несие рәсімдеген.

Мамандар жаңадан пайда болған алаяқтықтың түрінен сақтануға шақырды. Деректерге сай, алаяқтар тұрғындарды SIM-карта бұғатталса, нөмірі жойылып, кейін қалпына келтіре алмай қалатынын айтып, алдайды. Ал адам бұл кодты алаяққа айтса, ол барлығына кіруге мүмкіндік алады.

"Әрі қарай алаяқтар қоңыраулар мен SMS-ті басқа нөмірге немесе SIM-картаның виртуалды нұсқасына бағыттайды. Осыдан кейін банктер несие ұйымының жеке кабинетіне кіруді растайтын кодты сұрайды. Хабарлама арқылы келген нөмірді жібереді. Олар көбіне жасырын немесе шетелдік нөмірлерден қоңырау шалады", – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полициясының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ризабек Жанат.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 652 алаяқтық тіркелген. Оның ішінде 436-cы интернет-алаяқтық, деп жазады Диана Құрманғалиева.

Мұндай жайт Қазалыда тіркелмесе де, Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұрай Қайсарбекте орын алған. Оның айтуынша, "Altel" нөмірімен орыс тілінде хабарласқан қызметкер activ нөмірінің қолданылу мерзімін созуды сұрайды. Ұзарту үшін хабарламадан келген кодты айтқан. Кейін қайта басқа нөмірмен ер адам хабарласқанда телефон тұтқасын басып жіберген. Алайда оның сыртынан несие рәсімделгендігі жайлы тексеріп үлгермеген. Ол мұндай былыққа батпаған шығармын деген үмітте.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

Фото: b-56.ru

Тағы да оқыңыз: