Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласында алғаш рет «Үздік шекарашы – 2025» республикалық турнирі өтіп жатыр.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында турнирдің мазмұны мен маңызы таныстырылды. Спикерлер қатарында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Серік Есенжолұлымен жауынгерлік даярлық бөлімінің консультанты, подполковник Ерболат Тоқтасынұлы болды.

Турнир 27-29 мамыр күндері аралығында өтуде. Мақсаты – шекарашы сарбаздардың атыс дайындығы мен тактикалық шеберлігін шыңдап, олардың кәсіби деңгейін көтеру. Сонымен қатар бұл сайыс – әскери қызметкерлердің бойындағы отансүйгіштік, жауапкершілік пен рухани беріктік секілді қасиеттерді дәріптеуге арналған.

– Бұл турнир – шекарашы жауынгерлердің кәсіби шеберлігін шыңдау, атыс мергендігін арттыру және патриоттық рухты дәріптеу мақсатында дәстүрлі түрде өтетін беделді дода. Турнирге еліміздің әр аймағынанарнайы іріктеуден өткен 15 үздік әскери қызметкер қатысуда. Сондай-ақ турнирде нағыз шекарашыға тән батылдық, шапшаңдық пен зеректік сынға түседі. Мұндай жарыстар жауынгерді жаңа биікке көтеріп, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі дайындығын нығайтады, – деді полковник Серік Есенжолұлы

         Бұл турнир шекарашы болып қызмет етіп жүрген мамандар арасында үлкен беделге ие. Сайыс барысында қатысушылар дәлдік пен ептілікті қажет ететін тапсырмалар бойынша өзара мықтыны анықтайды.

– Қатысушылар түрлі әскери жаттығулардан өтеді. Жарыс 5 кезеңнен тұрады. Бірінші сайыс – 10 шақырымға жүгіру болса, қалған сайыстар атыс алаңында жүргізіледі. Сайыстың әр кезеңі нақты шеберлікті қажет етеді. Бұл – тәжірибе алмасудың және жауынгерлік рухты арттырудың таптырмас алаңы, – деді Ерболат Тоқтасынұлы.

Айта кетейік, бұл сайыс – жай ғана жарыс емес,ол еліміздің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген нағыз сарбаздардың өз ісіне деген адалдығы мен кәсібилігін шыңдайтыналаң.

 

Көркем ТӨЛЕБАЙ

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университеті 1-курс

Тағы да оқыңыз: