Kyzylorda-news.kz Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы бөлім басшысы Айбол Ержанов, екінші мәселе – аудан бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұржан Бисембаев хабарлама жасады.
Аудан басшысы ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы және мерзімінде салынуына назар салды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең алдымен тұрғындарға қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Ел Президентінің зор қолдауымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыруға қатысты шешім қабылданды. Сонымен қатар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биыл аймақтағы «Руханият» жылы аясында аудан орталығында құны 1,5 млдр. теңгені құрайтын тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханасы бар «Руханият» орталығы салынып жатыр. Одан бөлек, елді мекендерді газдандыру, жолдарды күрделі жөндеу, электрмен қайта жабдықтау, су құбырларын жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Міне, осы жұмыстардың сапалы және уақытылы атқарылуын қатаң тапсырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл аудандағы А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қоғалыкөл ауылында 6 көше, С.Сейфуллин ауылында 6 көше, Қалжан ахун ауылында Қайқы батыр көшесі күрделі жөндеуден өткізілуде. Жоба құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын Шаған ауылында электр бағаналары, желілері және трансформаторларды жаңарту жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымына (35 га, 100 га) қиыршық тас жолының, Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау, Тереңөзек кенті, Аманкелді, Шаған елді мекендерінің бірқатар көшелерінің су құбырлары мен көру құдықтары, Бесарық елді мекенінде спорт кешені құрылыстары және Аманкелді ауылдық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Отырыста аудан басшысы нақты тапсырмаларды жүктеп, құрылыс жұмыстарының сапасы күнделікті бақылауда болуын ескертті.