Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. 

Комиссия отырысында қаралған бірінші және екінші мәселе бойынша Жалағаш ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мәулен Өсер хабарлама жасап, аудан бойынша ұрлық қылмыстарының алдын алуда құзырлы органдармен атқарылып жатқан шаралар туралы және есірткі егу мен таратудың, психотроптық заттардың, сол тектес прекусорлардың заңсыз айналымын болдырмау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 

Үшінші мәселе бойынша да Жалағаш ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мәулен Өсердің хабарламасы тыңдалып, 2023 жылы өсім алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды саралау және оларды болдырмау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы айтылды.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды және бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын болдырмау, алдын алу, орын алған қылмыстарды ашу мақсатында профилактикалық шараларды одан әрі күшейтуді, әрбір елді мекен бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, әсіресе түнгі уақытта ұрлық қылмыстарының алдын алу бағытында бақылауды күшейтіп, барлық қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етуді, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы өзара іс-қимыл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрлері, оның ішінде балалар мен мүгедектерге қатысты белгілі болған барлық фактілерді ішкі істер органдарына, басқа да мемлекеттік органдарға, құзыреті бойынша ұйымдарға уақтылы хабарлау, сондай-ақ отбасыдағы мәселелерді шешу және әлеуметтік қолдаудың барлық кешенін көрсету бойынша бірлескен шараларды тұрақты жүргізуді және аудан әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын одан әрі жетілдіруді және күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде қатаң тапсырма берді.

Хаттамалық тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Қайнарбаевқа жүктелді.

Сонымен қатар аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысында 2 мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша сөз алған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекеев салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстар туралы хабарлады. 

Екінші мәселе бойынша Таң ауылдық округінің әкімі Қайрат Сейдахметов хабарлама жасап, Таң ауылдық округі бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарған жұмыстар туралы мәлімдеді.

«Қылмыстық-құқықтық саясат сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін лауазымды тұлғалардың қатаң жауапкершілігін қамтамасыз ететіндігі баршаңызға белгілі. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметі туралы және мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексі нормаларын қатаң сақтауға және сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында жұмыс жасауды тапсырамын. Қарапайым тілмен айтқанда, қызмет бабын жеке бас пайдасына пайдалануға жол бермеңіздер», – деді Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң тапсырды.

 

Қорлан САРЫ

Фото: Жалағаш ауданының фейсбугінен

Тағы да оқыңыз: