Kyzylorda-news.kz Павлодар облысының тұрғыны сотта есірткіге мас күйінде көлік жүргізбегенін дәлелдеп, 15 тәулікке заңсыз қамалғаны үшін өтемақы талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың мәліметінше, патрульдік іс-шара барысында Баянауыл ауданының полиция қызметкерлері жол бойында тұрған көлікті көрген. Құжаттарды тексеру кезінде қызметкерлердің бірі жүргізушінің көзінің қызарғанын байқаған. Есірткі қолданды деген күдікпен жүргізуші сараптамаға жіберілген.
Аурухана фельдшері полицейлердің күдігін растаған соң олар материалды сотқа жіберіп, жүргізуші қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Алайда ер адам тыйым салынған ештеңе тұтынбағанын дәлелдеп шықты. Сотта белгілі болғандай, медициналық тексеру кезінде ол үш рет зәр анализін тапсырған. Фельдшер үш сынақты да оң деп есептеді. Жүргізуші есірткі қолданбағынын айтып, зертханалық тексеріс жүргізуді сұрады.
"Видео жетон жазбасынан Ж-ның бірнеше рет лауазымды тұлғаларға қосымша зерттеу жүргізу туралы өтінішпен жүгінгенін және зерттеу үшін қан беруге немесе полициямен бірге кез келген басқа мекемеге баруға дайын екенін білдіреді. Бірақ қызметкерлер бас тартқан. Бұл жағдайда Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің әрекеті заң талаптарын өрескел бұзып, әкімшілік істің негізсіз және заңсыз қозғалуына әкеп соқты", – делінген Павлодар облыстық сотының хабарламасында.
Медициналық сараптама қорытындысына шағымданған ер адам түнгі ауысымнан шаршап үйге қайтып келе жатқанда ұсталғанын, көзінің қызарғаны шаршағаннан екенін айтқан.
Қамаудың заңсыздығын дәлелдеп, әкімшілік істің тоқтатылуына қол жеткізген ер адам соттан 20 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді талап етті. Сот оның талап арызын ішінара қанағаттандырды.
"Республикалық бюджеттен жалпы сомасы 1,2 млн теңге моральдық залал және заңды өкілінің қызметіне жұмсалған шығын өндіріп алынсын", – делінген сот үкімінде.
Фото: freepik.com