Kyzylorda-news.kz  Қазақстанда жұбайының келісімінсіз жеке тұлғаларға несие беруге тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов несие беру туралы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қарастыру барысында мәлімдеді.

"Қазақстан азаматтарының көбінің қарыз алу себебі – құмар ойынға тәуелділік. Адамдар казиноларға бәс тігіп, табыс табуға бейім. Кейбір жағдайларда олар банк несиелерін де пайдаланады. Ерлі-зайыптының бірі несие алады да, болашақта бұл несие отбасылық бюджетке ауыртпалық түсіретін жағдайлар бар", – деді Әбдірахманов мәжілісте.

Оның айтуынша, мұндай қажетсіз несиелердің санын азайту үшін жұбайының келісімімен жеке тұлғаға банктік несие беру талабы қолдау тауып отыр.

"Агенттік ережелерінде жұбайының келісімін алу қажет несиенің ең төменгі сомасын анықтау ұсынылады", – деді Әбдірахманов.

Депутаттар банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушының жұбайының жазбаша келісімімен ғана несие беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұл ұсынысты әділет министрлігі де қолдады.

 

Тағы да оқыңыз: