Kyzylorda-news.kz Қармақшы аудандық прокуратурасының бастамасымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, пробация қызметі және аудандық спорт бөлімі бірлесіп, пробация есебіндегі азаматтарға арналған спорттық іс-шара өткізді.
Жарыс бағдарламасына гір тасын көтеру және кермеге тартылу спорт түрлері енгізіліп, оған барлығы 25 сотталған азамат қатысты. Қатысушылар белсенділік танытып, спорттағы шеберліктерін көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлделі орын алған азаматтарға қаржылай сыйақы табысталды.
Қармақшы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет подполковнигі Ержан Әбілдаевтың айтуынша, мұндай шаралар пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеуге, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, сондай-ақ спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.
– Спорт адамның денсаулығын жақсартумен қатар, ерік-жігерін нығайтады. Осындай жарыстар арқылы біз азаматтарды қателігін қайталамауға, салауатты өмір сүруге ынталандырамыз. Алдағы уақытта да спорттық шаралар жалғасын тауып, пробация есебіндегі азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне оң ықпал жасаймыз.– деді Ержан Тасқынұлы.