Kyzylorda-news.kz Өрт сөндіруші – қызметі батылдық пен өжеттілікті талап ететін ең жауапты мамандық. Бүгінде Жалағаш ауданында орналасқан №11 өрт сөндіру бөлімінде 22 өрт сөндіруші бар. Соның бірі – Қаныш Серікұлы.
Ол бала күнінен осы салада қызмет етуді армандаған. Айтуынша, нағашысы өрт сөндіру бөлімінің ардагері екен. Ес білгелі нағашы ағасына еліктеп өскен кейіпкеріміз – бүгінде аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты.
Мұнда қызметкерлер 4 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Әр ауысымда 8 қызметкер бар. Жұмысын №1-ші қарауылдан кезекшілікті қабылдап алудан бастаған кейіпкеріміз мұнда одан бөлек 1 бөлімше командирі, 3 өрт сөндіруші-құтқарушы, 2 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 1 радиотелефонист қызмет ететінін айтады.
Өрт сөндіру бөлімінің әдеттегі күні 08:30-дан 08:45-ке дейін кезекшілікке түсетін қарауылға нұсқаулық, ауыстырылатын қарауылдың тәуліктік кезекшілігін қорытындылауынан басталады. Осы он бес минуттың ішінде жаңа ауысым өрт сөндіру техникасын, авариялық-құтқару жабдықтарын қабылдайды. Содан кейін кезекшілікке түсетін қызметкерлердің денсаулығы тексеріледі. Яғни бұл кезеңде мамандардың физиологиялық, психологиялық тұрғыда жұмысқа дайындығына мән беріледі. Содан кейін күнделікті белгіленген кестеге сәйкес өрт сөндіру, құтқару дайындығы, дәрігерлікті ұйымдастыру сынды сабақтар өтеді.
– Мен бүгінде қарауыл бастығы болып қызмет етемін. Әр қарауыл бастығының өзіне жүктелген маңызды міндеттері бар. Жалпы қарауыл бастығы ғимараттардың орналасуын, олардың өрт қауіпсіздігін, қолданыстағы техниканың сипаттамалары мен мүмкіндіктерін жатқа білуі керек. Сондай-ақ бөлімше қызметкерлерінің артылған міндеттерді тиянақты орындауын, оқуын, моральдық және психологиялық жай-күйін қатаң бақылайды. Мұнан бөлек өрт-техникалық құрал-жабдықты дұрыс пайдалану мен ұқыпты қарауға, олардың тәртіппен ұқыппен пайдалануына да жауап береді, – дейді Қаныш Серікұлы.
Кейіпкеріміз жұмысқа қабылданғанына көп болмаса да жауапкершілігі мол мамандықты абыроймен атқарып, ел алғысына бөленіп жүр. «Адамдардың амандығы үшін, өртті дер кезінде ауыздықтау қызметтік міндетім ғана емес, бала күннен бергі жүрек қалауым» деген Қаныштың сөзінен қандай жағдай болса да кез келген уақытта адам өмірін ажалдан арашалап қалуға дайын екенін аңғардық.
– Жалпы бұл мамандыққа кез келген адам келе бермейді. «Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы» деп текке айтылмаған. Себебі бұл қызмет батылдық пен төзімділікті қажет етеді. Өзіңіз білетіндей, құтқару қызметінің әр күні қауіп-қатерге толы. Мәселен, былтыр сәуір айында бір күнде 7 дабыл түсті. Күн салқын, дала жел. Абай көшесінің бойында қатарлас орналасқан 5 тұрғын үйдің бір мезетте бірінің қорасы, екіншісінің сарайы өртенді. Бұл өртті ауыздықтап жатқанда Ақсу ауылы мен Мәдениет ауылынан «қора өртеніп жатыр» деген хабар келді. Дереу Ақсу ауылына бір өрт көлігін жібердік. Ал Мәдениет ауылындағы өртті ауылдағы ерікті жастардың көмегімен өшірдік, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, Қаныш Серікұлының сөзінің жаны бар, өрт сөндірушілер үшін әр секунд маңызды. Олар адам өмірін құтқару, жарылатын заттардың алдын алу, мүлікті қорғау, жалынның басқа ғимараттарға таралуын болдырмау бағытында жұмыс жасайды.
Кейіпкеріміз ең алғаш жұмысқа келген кезінде еске алды. Айтуынша, алғашқыда ол бұрын-соңды мұндай оқыс оқиғаларға тап болмаған, бойында қорқыныш пен қобалжу болыпты. Алайда қазір ол қорқыныш бойынан сейіліп, сап тиылған. Себебі Қаныш күнде түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпаласып жүріп, өзгелерді құтқару арқылы шыңдалған.
Оқыс оқиға орын алған алаңда қою түтін арасында өрт сөндіруге арналған киіммен қозғалып, жүгіру былай тұрсын, салмағы 20 келіге жуық шланганың өзін ұстап тұру кімге болса да оңайға соқпасы анық. Алайда біз қалам тербеп отырған кейіпкеріміз қандай қиыншылық кездессе де жігерлілік танытып, төтенше жағдайға тосқауыл қоюда. Тұрғындар өмірін құтқаруда ерен еңбек етіп жүрген құтқарушылардың бұл жұмысы ерлікпен пара-пар. Олар қашанда тұрғындар үшін қызметін мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссиясын жалғастыра бермек. Бүгінгі сұхбатта соған көзіміз жетті. «Мамандыққа – адалдық» деген осы шығар, сірә.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ