Kyzylorda-news.kz Қызылордалықтар «Қала күні» мерекесін ерекше тойлады. Қызылорда қаласының астана мәртебесін иеленгеніне 100 жыл толуына және «Қала күні» мерекесіне орай Сыр өңірінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Сол жағалаудағы жаңа стадионда Қала күніне арналған ең ауқымды іс-шара – салтанатты гала-концерт ұйымдастырылды.

Қалалық ипподромда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Алтын күз – 2025» ұлттық ат бәйгесі өтті. Қаламыздың барлық мөлтек аудандарында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

«Қала күні» мерекесінде облыстық Полиция департаментінің жеке құрамы өз қызметін күшейтілген тәртіпте атқарды.

Халық көп жиналатын демалыс орындары мен “Qaisar Arena” стадионында патрульдік полиция жасақтары мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жұмылдырылды. Жағдайды бақылау Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі арқылы тәулік бойы жүзеге асырылып, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мүмкін болды. Мереке күндері тыныш өтіп, оқыс оқиғалар болған жоқ.

Тәртіп сақшыларынның қауырт қызметін ескеріп, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов облыс әкімінің атынан Полиция департаментінің қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Өздеріңізге белгілі, өткен аптада халқымыздың тарихи «қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойы мен Қала күні, Алтын күз мерекелері аясында өңірімізде ауқымды шаралар кең көлемде аталып өтілді.

Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Мереке күндері құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар, медицина саласының қызметкерлері тарапынан адам көп шоғырланатын орындар мен нысандарда кезекшіліктер ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіптің сақталуы, медициналық жедел жәрдем көмегінің көрсетілуі, төтенше оқиғалардың алдын алуы қатаң бақылауда болды.

Арнайы келген қонақтарымыз бен аймақ тұрғындарына ерекше мерекелік көңіл - күй сыйлауға және іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Сіздердің еңбектеріңіз орасан зор.

Өңіріміз үшін ең маңызды шараларды өткізуде ауызбіршілік пен ұйымшылдық көрсеткендеріңіз үшін баршаңызға аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының шынайы алғысын, ризашылығын жеткізгім келеді» деді облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов.

Тағы да оқыңыз: