Kyzylorda-news.kz Бүгінгі күні балалар – қоғамның әлсіз қорғалған өкілдері болғандықтан, ерекше қорғауды қажет етеді. Сондықтан балаларға қолайлы жағдай жасау мен олардың әр уақытын тиімді пайдалануы назардан тыс қалмайды. Осыған сәйкес, қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласы әкімдігі жанында комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Онда кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі мәселелер айтылды.
Комиссия отырысында күн тәртібіне сәйкес төрт мәселе қаралды. Нақтырақ айтатын болсақ, алдымен орта білім алу кепілдігін қалпына келтіру мен білім беру ұйымдарында оқушылардың мектеп формасын сақтауы және жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстарды талқылады. Сонымен қатар олардың бос уақытын тиімді пайдалану жөнінде профилактикалық шараларды қабылдау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары әрі комиссия төрағасы Дархан Есалыұлы кәмелетке толмағандардың профилактикасын күшейту мақсатында сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Одан бөлек комиссия тарапынан кәмелетке толмағандардың мәселесі бойынша балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында тиісті шешімдер қабылданды.