Kyzylorda-news.kz  Мұхтаровтар әулеті 158 жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарып, жүрген – үлгілі полицейлер династиясы. Полицейлер династиясының ұстанымы – темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек. Полиция династиясының мақсаты – қылмыстық істерді тергеу мен ашу, қылмыскерлерді құрықтау ғана емес, сонымен бірге, ұрпақ бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты сіңіру.

Бұл отбасы – әрқашан әулеттің абыройы мен жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі ата-бабаларының өмірлік ұстанымдарын жадында берік сақтаған және осы құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеген отбасылар. Осындай отбасылардың қатарына бір әулеттің өрелі ісін жалғап, ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан үшінші буыны– Мұхтаровтар әулетін айтуға болады.

Мұхтаровтар әулеті ата, әке, бала, немере жолын жалғап халықтың игілігі үшін қызмет атқарып келе жатқан өнегелі отбасы.

Ата, әке жолын жалғап, бүгінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасының абыройлы қызмет атқарып жүрген Абдулла Жасұлан Әбдықалықұлы Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция аға лейтенанты шенінде адал қызмет атқаруда. Өзінің кәсібилігімен және қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленді, ол көптеген әріптестеріне үлгі бола білді. Жасұлан қызметте өте жауапты және өзінің алдына қойған мақсатына ұмтылған, мінезі қайырымды, әрқашан әріптестеріне қандай да бір мәселелерде көмектесуге әзір тұрады.

Жасұлан бала кезінен бастап атасы мен әкесінің әр кезде полиция қызметкері формасында көріп өскен. Ол үшін әкесі үлкен үлгі болды. Оның көзінде полиция әрқашан қорған болып тұрды. «Мен әрқашан атам мен әкемді мақтан тұтамын. Полиция – бұл өте қиын және күрделі мамандық, өйткені адамдар үнемі өз өмірін адамдар үшін тәуекел етеді. Әкем әрдайым жұмыста болатын, оны отбасылық дастархан басынан жиі көре бермейсің», – деп Жасұлан әңгімелеп берді.

Атасы – Абдулла Мұхтаров, өзі құқық қорғау саласын сүйе, бағалай білген және балаларына да кішкентайынан өз жолын таңдауға үйреткен. Ол 1967 жылы ішкі істер саласындағы қызметін лейтенант шенімен бастап, еңбегінің арқасында облыстық дәрежедегі басшылық қызметтерге дейін көтеріледі. Өмірінің 28 жылын құқық қорғау қызметіне арнап, 1989 жылы подполковник шенімен құрметті демалысқа шығады. Ал оның үш бірдей ұлы тәртіп сақшысының қызметін өмірлік жолы ретінде таңдап, құқық қорғау органдарында нәтижелі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.

Жасұланның үлгі тұтар әкесі Әбдықалық Абдуллаұлы ҚР Ішкі істер органының қылмыстық іздестіру саласында жұмыс жасап, подполковник шенімен зейнетке шыққан. Анасы Бакирова Айгул Амирбекқызы Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында лаборант қызметінде.

Әбдіқалық Абдуллаұлы өзі: «Төрт баламды зайыбым Айгул Амирбекқызымен бірге тәлім-тәрбие беріп, елінің нағыз патриоты етіп тәрбиелеудеміз. Полицей адал, әдепті және жақсы маман болуы керек. Өз жұмысын тиянақты орындау үшін оны жақсы көру керек. Адам қызметке қуанышпен, жақсы көңіл-күймен баруы керек. Отбасы-басты құндылық. Қиын және қауіпті жұмыс біздің отбасымыздағы қарым-қатынасымызға теріс әсер етпейді. Керісінше, полиция қызметі біздің отбасымыздағы байланысты нығайта түсуде».

Ғарышкердің де, полицейдің де, дәрігер мен ұшқыштың да қанатын қатайтып, өмірлік бағыт беретін үлкен орта ол – отбасы. Әр отбасыдан қазақтың ерік-жігері, күш-қайраты мықты батырлары мен халықтың тыныштығын күзете отырып, әке жолын жалғастырар адал әрі ержүрек ұлдары тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: