Kyzylorda-news.kz Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызылда, құйрық жүні ұзында Елемес дейтін ер болыпты. Елеместің төрт түлігі сай екен, ел-жұрт оны оңынан қараса да, солынан қараса да, шіркін, Елеместен артық бақытты адам бар ма екен дейтіндей қызылды-жасылды жарқ-жұрқ еткен өмір сүріпті.
Бірақ аузынан ақ май аққан Елеместің есіл-дерті әлдебір жоқты іздеумен өтіпті. Тіпті оның не екенін білмесе де, өміріне әйтеуір бірдеңе жетпейтіндей, көңілі жайланбай, сол аңсарын іздеп, басын тауға да, тасқа да соғыпты. Жұрт бақытты байлықтан іздейді, мен де сол байлықтың бәрі бар, бірақ неге бақытты емеспін деп жатса да, тұрса да өзін іштей мүжіген сұрақтар мазасын ала беріпті.
Күндердің күнінде бақытын іздеп, асыл мұратыма жетсем деген тілекпен жолға шығыпты. Жолда келе жатып, әлдебір өсіп тұрған өзгеше шөпті көріпті. Бұл шөптің иісінің басын айналдырғаны сонша, қасынан жай ғана өту мүмкін емес еді. Иіске елітіп, қанша уақыт өткенін тіпті білмей де қалыпты. Осы адамдар түтіндетіп отырып, өзін бақытты сезінетін шөп осы шығар деп ойлайды да, іле-шала ойын жүзеге асыру үшін оны қағазға орап, қайсы бір жылы Жібек жолының бойында көпестерден көргенін өзінше қайталап көріпті. Осылайша ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіпті. Еліне оралмаған Елеместі іздеп жолға шыққан жақындары шөпке масайып, есінен адасқан Елеместі көріпті. Жақындары оны ауруынан айықтырғанда ғана адамның ақылын сау мақсатқа жұмсауы бақыттың нағыз өзі екен ғой деген ойға келіпті.
Ермұхаммед АСҚАР,
№290 орта мектептің 6 сынып оқушысы
Фото: gov.kz
