Kyzylorda-news.kz Орталық бақылау комиссиясында өткен брифингте ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары 6 ай комада жатқан Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу аяқталмай тұрып, алдын ала қорытынды жасамауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Брифингте ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов әскерде не себепті дәретханаларда камералар орнатылмағанына жауап берді. Журналистер дәретхана түрлі қақтығыстар мен төбелестер жиі болатын жер екенін атап өтті. Қайрат Үмбетов сарбаздың ес-түссіз қалуына ұрып-соғу себеп болғаны әлі дәлелденбегенін айтты.

"Сіздің де, ешкімнің де оны біреу ұрып-соқты деп айтуға құқығы жоқ. Ол 2:15-те оянып, дәретханаға барды, оның құлағанын көрген куәгерлер бар, қазір тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары зерттеп жатыр. Бүгінде Ербаян Мұхтарды біреу ұрып-соқты деуге әлі ерте, егер бұл фактілер расталса, онда айтуға болады", – деді Үмбетов.

Айта кетейік, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 миллион теңге жинап берген еді. 17 қыркүйекте Ербаянның әкесі ұлының алдағы уақытта Еуропаға емделуге аттанатыны туралы айтқан. Емдеуге шамамен 230 миллион теңге жиналды, бұл ақша оңалтудың алғашқы үш айына жетеді дейді. 

Фото: stan.kz

Тағы да оқыңыз: