Kyzylorda-news.kz  Ішкі істер органдарының заманауи жүйесінің қалыптасуына, құқықтық тәртіпті сақтауда сала ардагерлерінің де үлесі зор. Кешегі капитан мен лейтенант шеніндегі мамандар көптеген жылдар бойы органдарда жұмыс істеген полиция қызметкерлері, бүгінгі таңда жастарға үлгі болар құрметті демалыстағы зейнеткерлер.

Сондай ел алғысына бөленген ардагердің бірі – ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы, 80 жастағы ардагер, полиция майоры шенінде зейнеткерлікке шыққан Алмағанбетұлы Жақсылық.

Жақсылық Алмағанбетов құқық қорғау саласында 25 жыл қызмет жасап, құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер. Ол 1943 жылы 15 тамыз күні Қызылорда облысы Арал ауданы, Қаратерең ауылдық округінде дүниеге келген. Қарағанды милиция мектебін үздікке бітірген. 1960–1962 жылдары Арал қаласындағы техникалық училищесінде кеме жүргізуші механик мамандығын бітірген. 1962 –1965 жылы күз айында әскер қатарына шақыртылып, әскери борышын өтеп келген. Сол жылы ДЭС(дизельский электро станциясында) өз мамандығы бойынша машинист-дизилист болып жұмыс атқарған. Ал 1968 жылы 15 тамыздан бастап Ішкі істер органына қызметке қабылданған.

Кейіпкеріміз ішкі істер саласында еңбекпен түзеу мекемесінде кадр бөлімінің аға инспекторы, оперативтік инспектор, отряд бастығы қызметін атқарған. Сонымен қатар, ішкі істер бөлімінде штаб аға инспекторы, арнаулы комендатура бастығы қызметтерін атқарып, майор шенімен 1993 жылы зейнетке шыққан. 2011 жылдың 1 қазанынан бастап қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы болып бекітіліп, қоғамдық қызметте ат салысуда.

– Жалпы полиция болу – форманы киіп алып, қызметіңді асыра пайдалану емес, елге қызмет ету. Қандай шен, лауазымда жүрсең де өзіңе жүктелген міндетті қиналмастан, асқан жауапкершілікпен мінсіз атқару ең маңыздысы. Полиция – жұртшылыққа, елге жақсы қасиеттерімен, жанашырлығымен, қамқорлығымен есте қалуы керек. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түспек, – дейді зейнеткер.

Өзінің егде жасына қарамастан, ол әлі күнге дейін жастар үшін тәлімгер болып табылады. Жас кадрлардың қалыптасуы мен дамуына ардагерлердің қосқан үлесі баға жетпес. Құқық қорғау органдарындағы қызметі кезінде көптеген наградалармен, бірнеше мәрте Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің «Құрметті ардагері» медалін, «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Мұндай қиын жұмыста жақындардың қолдауы өте маңызды. Жары Алмағанбетова Күнқияш апамызбен отасқандарына 57 жыл болған. Ол кісі де күзет департаментінде бас бухгалтер қызметін атқарып, зейнетке шыққан. Адал еңбек арқасында құрметке бөлінген ардагер бүгінгі таңда 1 ұл және 3 қыз баланың әкесі, 6 немере мен 5 шөберенің атасы.

– Халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі қашанда басты назарда тұрады. Соған орай біздің негізгі міндетіміз халық сенімін барынша иеленіп, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл біздің қызметімізді бағалаудың негізгі өлшемі. Ал ол отансүйгіштіктен бастау алады. Тәртібі қатаң, адамның төзімін сынайтын құқық қорғау саласының қоғамдық қызметтегі жүгі ауыр. Кейінгі буын осыны саналарына түйіп, адал еңбек етуге тырысса деймін. Ел тыныштығын қорғаудағы полиция қызметкерлерінің еңбегі әрдайым жоғары бағалана берсін, – дейді құрметті ардагер.

Тағы да оқыңыз: