«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының заңы (бұдан әрі-заң) білікті және сапалы заң көмегіне сенуге құқылы қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, «Е-Заң көмегі» бірыңғай ақпараттық жүйесінің сілтемелері арқылы адвокат немесе заңгерді таңдауға болады. Ақпараттық жүйені іске қосудың негізгі мақсаты халықтың білікті заң көмегіне қол жеткізуін оңайлату, сондай-ақ халықты заң көмегімен қамтамасыз ету жөніндегі адвокаттық қызметті және Заң консультанттарының қызметін автоматтандыру. Бұл туралы Әділет департаментінің бас маманы М.Французова тоқталып өтті.
Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.
Заңңың 26-бабына сәйкес құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Аталған адамдар тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттар негізінде мысалы, зейнетақы куәлігі, мүгедектігі туралы анықтама, алимент өндіріп алу мәселелері бойынша – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі және т. б. алуға құқылы.