Kyzylorda-news.kz «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне» орай айлық шеңберінде Қызылорда қаласындағы дәріхана ұйымдарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Темірхан Асқатұлы және Департаменттің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Айжан Сағнадинова қатысты.

Іс-шара барысында дәріхана қызметкерлеріне күшті әсер ететін заттарды рецептсіз босатудың алдын алу мәселелері түсіндіріліп, дәрілік заттар айналысы саласындағы қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берілді.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында күшті әсер ететін дәрілік заттарды, психотроптық заттар мен прекурсорларды рецептсіз өткізуге қатысты жауапкершіліктің күшейтілгені түсіндірілді.

2304c464-811c-487c-94f7-1311c33b29fd.jpg

Күшті әсер ететін заттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы №120 бұйрығымен бекітілген. Аталған тізбеге 94 атау енгізілген, оның ішінде Тропикамид, Прегабалин, Зопиклон, Циклопентолат, Сибутрамин секілді дәріханалар арқылы босатылатын дәрілік препараттар да бар.

111.webp

Сонымен қатар, №120 бұйрықпен бекітілген күшті әсер ететін заттарды рецептсіз өткізгені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 301 және 303-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараның мақсаты – дәріхана ұйымдары қызметкерлерінің заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, күшті әсер ететін заттардың рецептсіз босатылуының алдын алу және халық денсаулығын қорғау.

Тағы да оқыңыз: