Kyzylorda-news.kz Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апатқа биыл 38 жыл толып отыр. Осынша уақыт өтсе де оқиғаның жаңғырығы естен кетер емес. Радиациялық апаттың зардабын жоюға көптеген қазақстандық атсалысқан. Оның ішінде, сырдариялық ардагер Шархан Байымбетов те бар.

Менің кейіпкерім 1961 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Шархан Аппазұлы білімнің қара шаңырағы, сол кездегі №35 М.И.Калинин атындағы орта мектептен білім алады. Мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін кент орталығындағы сол кездегі СПТУ-да механик мамандығын игереді. Алғашқы еңбек жолын «Қызылдихан» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс жасаған. Шаруашылық техникаларын шашып-шинап, совхоз жұмысының ілгерілеуіне өзіндік үлес қосты.

– Мен 1987 жылы әскери коммисарияттың шақыруымен Чернобыль апатын жоюға аттанған болатынмын. Біз барғанда залалсыздандыру жұмысы үздіксіз жүріп жатқан. АЭС-тен кемі 30 шақырым алыста тұрдық. Талап қатал болды. Ішке кіріп шыққанда үстіміздегі киімдерді қайта-қайта ауыстыратынбыз. Улы аймақта жүргендіктен киген немесе пайдаланған заттарды қайта қолданбайтынбыз. Біздің рота бұзылған техникаларды жөндейтін, яғни механизатор болып қызмет атқардым. Туған жерге оралғаннан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Қанша дегенмен апаттың зардабы болады екен, – дейді Шархан Аппазұлы.

Елге оралғаннан кейін совхоздағы жұмысын қайта жалғастырып, уақыт өте келе ден­саулығы сыр беріп зейнеткерлікке шығады. Қай кезде де өзінің адамгершілік қасиетімен дараланатын ел ағасы отбасында аяулы жар, ардақты әке. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Құдай қосқан жары Айгүл Әлімбаевамен Айнұр, Әлихан, Батырхан есімді ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жеке кәсіпкер отбасылық бизнеспен айналысады. Ардақты азамат, құрметті әке көпшілік ықыласына бөленіп жүр.

– Қазіргі уақытта ауданда радиациялық апаттың зардабын жоюға атсалысқан ардагерлерді арнайы шипажайға жіберіп отырады. Біздің денсаулығымыздың жақсы болуына ұдайы бақылау жасалады. Ол да бізге деген құрмет. Әрине, радиацияның әсерінен талай жерлес­теріміз қиындық көрді. Қашанда біз бір-бірі­мізге қолдау көрсетіп, әрбір істе жұдырықтай жұмыла білеміз, – дейді ардақты ардагер.

Тағы да оқыңыз: