Kyzylorda-news.kz. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек қоғам белсендісінің қамалуына қатысты фейсбук желідегі парақшасына пікір білдірді.
Біздің елдегі Әйел адамға деген “құрметті” осы суреттен-ақ анық көруге болады!
Дәл мереке күніне орай қоғам алдында ауыл-аймақтағы заңсыздықтарды айтып, әшкерелеп жүрген нәзік жанды әлсіз әйелді бұлай тұтқындау - дұрыс емес!
Иә, көпшілік қауым: “Сандуғаш дөрекі, кей кезде шектен шығатын сөздері де бар” деп жатыр... Бірақ бес баланың анасын кішкентай балаларының көзінше есікті бұзып алып кету, бұл - дұрыс емес! Балалардың психикасына әсер етеді деп ойламайсыңдар ма?
Егер ол ақшаға бопсаласа, ақшаны алып жатқан жерінен-ақ ұстауға болар еді ғой?! Оқиға орнында, қылмыс жасау үстінде құрықталса - онда еш дау жоқ… Мына қоғам да, жұртшылық та даурықпас еді…! Наразылығын білдірмес еді!
“А”, “Б” деген адамдардан арыз түсті екен деп жүгіріп келіп, жекенің меншігіндегі аумақ, ондағы есікті бұзып кіріп, қамауға алу, бұл - заңсыз!
Заңгер ретінде, мен бұл жайтты - Адам құқығын өрескел бұзу дерегі деп есептеймін!
Қазақстандағы құзырлы органдарға мынаны ескерткім келеді: Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың өзі қатаң тапсырған құқықтық мемлекетті шын құрып, оны қалыптастырғымыз келсе - онда бізде ең алдымен Адам құқығы қорғалуы керек!
Күдіктінің өзін ресми түрде Полиция департаменті немесе бөліміне шақырып үйрену керек!
Жемқорлық жайтын және қылмыс үстінде тікелей бұлтартпас айғақпен ұсталмаса, жәй күдікке іліккен адамды бас салып қамап, азаптап, оны қорлау арқылы қылмысты мойнына ілуді доғаратын уақыт жетті!
Ата Заңымыз - Конституциямыздың 1-бабында да мемлекеттің басты қазынасы - Адам және оның құқықтары мен бостандығы екені айқын көрсетілгенімен, іс жүзінде бізде адам құқығы дәл иттің құқығындай қорғалып жатқан жоқ!
Қайда барсаң да, Қазақстанның қай бөлігіне, ауыл-аймағына бұрылсаң да - құқығы аяққа тапталған Халықты көресің… Азар да безер болып ашынған Халық басқадан бұрын мына формадағылардан көрген зәбір-заңсыздықтарын жеткізе алмай жүр… Өкінішке қарай, бұл әлі де жалғасып және өршіп жатыр! Халықтың құқығы тапталғаны - тапталған! Ащы болса да ақиқаты - осы!
Артур Ластаев мырза, Сіз шет ел көрген азамат ретінде және Адам құқығын қорғайтын омбудсмен ретінде Сандуғаштың ісіне құқықтық баға беріңізші! Заң аясында қандай шаралар қабылдап жатырсыз? Сол жұмыстарды Елдің алдында ашық ұсынуды және көрсетуді сұраймын!
Ол терракт жасап, қыз зорлап, адам өлтірген жоқ! Есірткі сатып, адам саудалған жоқ!
Айғақтық дәлелдер толық жиналмай жатып, үстінен арыз түсті деп, дереу алып кетіп, қамауға алу - біздің Конституциямызға сын емес пе?
Фото: ғаламтордан