Kyzylorda-news.kz  Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырып қалды дегенмен келіспейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот отырысы басталғаннан кейін Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ғазымжанов залдан "#ЗаСалтанат. Пожизненное" деп жазылған киім киген адамдарды шығарып жіберуді сұрады. Алайда судья қорғаушы тараптың бұл өтінішін қанағаттандырмады.

Сонымен қатар, Байжанов жасырып қалды деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді. 

"Қорғаушымды қолдаймын. Жасырып қалды дегенмен келіспеймін. Қылмысты жасырып қалған жоқпын", - деді ол.

Бұған дейін айыптаушы тарап екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта бастауға өтініш жасады.

Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыс жасады деп айыпталып отыр: 432-бап "ауа ауыр қылмысты жасырып қалу" және 434-бап "аса ауыр қылмысты хабарламау".

Өткен сот отырысында сот жарыссөзі басталар алдында мемлекеттік айыптаушы сотталушы Бақытжан Байжановқа тағылған айыпты нақтылау үшін сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхатты мәлімдеді. Сот өтінішхатты қанағаттандырды.

Прокурор Бақытжан Байжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабының (қылмыс туралы хабарламау) бөлігінде айыптаудан бас тартты және оған қатысты қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша қарауды жалғастыруды сұрады (аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу).

Сот тараптарға Бақытжан Байжановқа қатысты айыптаудың жаңа тұжырымымен танысуға уақыт берді. Сот отырысы осылайша 2 мамырға шегерілген еді.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Қуандық Бишімбаевқа қатысты 24 сәуірде өткен сот отырысында сот тергеуі аяқталғаны белгілі болды. Ендігі кезек сот жарыссөзінде. 

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі 

Тағы да оқыңыз: