Kyzylorda-news.kz   Тыныш әрі бейбіт күнде халықты орны толмас шығынға ұшырататын тілсіз жаудың бірі – өрт. Ата-бабаларымыз «жеті жұттың» біріне санаған өрт апатын шындығында тілсіз жау деуге тұрарлық. Адам өміріне араша түсетін өрт сөндіру қызметінің мамандары оқиға орнынан дер кезінде табылады. Осы күні төтеншеліктердің көпшілікке қол ұшын созуы, қызметін мүлтіксіз атқаруы – басына іс түскен кез келген жанның ризашылығын молайту үстінде. Өз кезегінде Тереңөзек кентіндегі бір отбасының екі перзентін өрттен құтқарып, араша алып қалған Азамат Баймаханов жөнінде қалам тербеуді жөн көрдік.

    2023 жылдың 11 қаңтары. Тереңөзек кентіне қарасты Д.Қонаев №19/1 үйден өрт шығып жатқаны жөнінде тиісті бөлімнің кезекшілік нөмеріне хабарлама келіп түседі. Санаулы минутта сақадай сай тұрған сала мамандары белгіленген мекен жайға келгенде үй иесі жанып жатқан аумақта баласы мен немересінің бар екенін жеткізеді. Әрине, 1 жасқа толмаған сәби мен мүмкіндігі шектеулі жанның өміріне қауіп төніп тұрды. Осы кезде Азамат Бектиярұлы терезеден үй ішіне еніп, ең алдымен құндақтаулы сәбиді сыртқа алып шығады. Одан кейін келесі отбасы мүшесінің қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, анасының қолына тапсырады.

    – Адам өміріне қауіп төнген сәтте жауынгерлік іс-әрекетті нұсқаулық бойынша орындаудың өзіндік қыр-сыры бар. Сала мамандарынан үміт күткен ананың бейнесі әлі күнге көз алдымда. Үйге кірген мезетте бөлмелерді түтін толықтай қамти бастаған. Сондықтан шұғыл шешім қабылдап, сауатты қимылдауға көштім. Шындығында, ұжымның әрбір мүшесінің қажырлы еңбегінің арқасында өртті уақытылы өшірген едік. Негізінен, адам өмірін құтқарудың жауапкершілігі зор. Тілсіз жаудың салдарынан бүтіндей бір отбасы орасан шығынға ұшырауы ықтимал еді, – дейді кәсіби маман.

    Білікті маман, кәнігі құтқарушы Азамат Баймаханов №12 өрт сөндіру бөлімінде бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол – ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылының тумасы. Отбасында 5 ағайындының үлкені Тараз қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының №5513 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген. Зайыбы – Айжанат Жазкен медицина саласының маманы. Осыдан 6 жыл бұрын отау құрған жарасымды жұп 2 ұл, 1 қыздың ата-анасы.

    Тілсіз жаудан үйін аман алып қалған өрт сөндіруші мамандарға кент тұрғыны Базаркүл Назарова өз алғысын жеткізді.

    – Тосыннан келген тілсіз жауды заматында ауыздықтай білген қырағы мамандарға алғысым шексіз. Оның ішінде, мақала кейіпкері – Азаматтың еңбегі ерекше. Қос перзентімді далаға алып шығу үшін өз басын қауіп-қатерге тікті. Осындай білекті, жүректі, қайсар азаматтар бар болғанына қуанамын. Қашанда ел басына қиындық түскенде көмектесетін жандардың есімін көпшілікке барынша таныту керек. Өз кезегінде құтқарушы балама аналық ризашылығымды білдіремін, – деді Базаркүл Назарова.

    Айта кетейік, Азамат Баймаханов қызмет барысындағы қырағылығы үшін аймақ басшысының «Алғыс хатымен» марапатталған.

Тағы да оқыңыз: