Kyzylorda-news.kz Желіде Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің қызметкері басынан оқ жарақатын алып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 16 қыркүйекте болған. Д. Т., есімді азамат Арыс қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Орталық аудандық аурухана бас дәрігерінің сөзінше, әскери қызметкер өз-өзіне қол салған.
“16 қыркүйекте тәуліктік кезекшілікті атқару кезінде Арыс гарнизоны әскери бөлімдері бірінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан басынан жарақат алды. Алдын ала ақпарат бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжал аясында өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта денсаулық жағдайы тұрақты-ауыр деп бағаланып отыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр екен.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда бұрынғы полиция қызметкері өз үйінің ауласында өз-өзін атып өлтіргені туралы жазған едік. Жантүршігерлік жағдай 2024 жылы 10 маусым күні болған.
Фото: freepik