Kyzylorda-news.kz Тындырымды тірлік ету үшін тиянақтылық қажет. Өйткені, титтей бір қате тұтас жүйеге әсер етеді. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің арнайы есепке алу бөлімінің жұмысы да үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Бұл бөлімдегі әр қызметкер күрделі жұмысқа күрсінбей, міндетін мүлтіксіз орындауға барын салып жүр. Түнгі ауысымдағы мәліметтерді тексеруден бастап, маңызды құжаттарды реттеумен айналысады. Жазасын өтеуші азаматтарды есепке алып, жеке дерегінен бөлек, қандай айып тағылғанын, сот үкімі, денсаулық жағдайына ден қойып, фотосуреті мен саусақ ізіне дейін салғырттық танытпай, базаға енгізеді.
Шаруа шаш етектен болса да, қызметкерлер тынымсыз еңбегін тоқтатпайды. Тіпті, Ішкі істер органдары мен сот орынынан келген маңызды хаттарға мардымды жауап беру де – арнайы есепке алу бөлімі қызметкерлерінің мойынында. Әр сұраққа күмілжімей жауап беріп, деректі дәл ұсынады.
– Иә, арнайы есепке алу бөлімінде жұмыс жеңіл емес. Бірақ, бөлімде қызмет атқаратын 5 маман өз ісін жақсы біледі. Күн сайын жаңадан келген сотталғандарды тіркеу, деректер базасын нақтылау, босап шыққандардың есептен алынуын рәсімдеу – біздің міндетіміз. Заң мен қаулыны ескеру, қағазбен жұмыс, тіркеу парағы, қаншама құжат – үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүкіл процесс бұзылмас үшін әр мәліметті мұқият зерделейміз. Тіркеу, түзету, растау, салыстырудың өзі сақтықты талап етеді. Ал, жұмысты жүйелеп, тізгіндеп отыру – менің міндетім, - дейді арнайы есепке алу бөлімінің бастығы әділет капитаны Мерей Табылғанова.
Қай мамандықтың да машақаты көп. Бірақ, табан аудармастан, тайсалмай қызмет ету – қошеметке лайық іс.