Kyzylorda-news.kz  "Анаға тағзым" орталығында "Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы" атты шара ұйымдастырылды.  «Мансап» мектебімен бірлескен кездесуге жоғары сынып оқушылары қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді ашық талқылады. Еркін форматтағы жиында мектептің ішкі тәртібі мен оқушы қалауы, қыз баланың құқығы және қауіпсіздігі сынды актуалды тақырыптар сөз болды.

Кездесуде қатысушылар өзекті сауалдарға орталық психологымен бірлесе жауап іздеді. Маңызды мәселелердің шешімін табуда қыздар барынша белсенділік танытып, өз ойларын еркін жеткізуі үшін Аруна Асылбекқызы психологиялық жаттығулар ұйымдастырып, кәсіби кеңесімен бөлісті.

Айта кету керек, Алаш жұртының қызды қырдағы құралайға теңеп, төрден орын бергені баршаға белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау сақ заманында мемлекет тізгінін ұстаған Тұмар патшайым мен Зарина сұлудан бастап, Алаша ханның ханымы Ханбибі, Абылай ханның ержүрек қызы Айтолқын, Қаракерей Қабанбай батырдың жары жары Гауһар, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы Есенбике, Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы Бопай ханым ерлермен бірдей ержүректік танытып, ел іргесін жаудан қорғаған. 

Ал бертін келе қазақтан шыққан ағартушылар қыздардың білім алуына ерекше көңіл бөлген. Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында алғаш рет қыздарға мектеп ашуы сол заманда жасалған көреген шешім, батыл қадам болды. Кеңес үкіметі тұсында да қазақ қыздары білім мен ғылым, медицина, мәдениет, ауылшаруашылығы, авиация, экономика және өзге де салаларда қызмет етіп, ерен еңбектің үлгі көрсетті.

Қазіргі уақытта да қыздардың білімді, өз құқығын білетін сауатты болуы өте маңызды. 

 

Фото:facebook.com/anagatagzym.kzo

Тағы да оқыңыз: