Kyzylorda-news.kz Кеше «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау тобы Арал қаласы мен Жақсықылыш кентінде болып, тұрғындарды толғандырған сауалдарына жауап берді.

Мобильді қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісінің орынбасары Мақсұт Налібаев, фракция мүшесі Ибадулла Тлеп және бірқатар басқарма өкілдері қатысты.

Мобильді қоғамдық қабылдау шарасын партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ашып, республика және облыс орталығынан арнайы келген мобильді топ өкілдерін таныстырды. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсатына тоқталып, түсіндірме беріп өтті.

«AMANAT» партиясы мобильді қабылдау жұмысын бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді. Мұндағы негізгі мақсат облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді аралап, ондағы тұрғындардың өтініш – тілектерін тыңдап, ауылдағы қордаланған мәселелердің шешімін табуға ықпал ету, елдегі заңнамалық өзгерістерден хабардар етіп, нақты ақпарат ұсыну», – деді Алмасбек Есмаханов.

Атап өту керек, мобильді топ өкілдері алдымен Жақсықылыш кентінде болды. Кент тұрғындары мүмкіндікті пайдаланып, «Аралтұз» АҚ қызметшілерінің жалақысын көтеру сондай ақ, кәсіпорынға қарасты мәдениет үйін қолжетімді ету қажет екенін жеткізді. Онан бөлек, кентке кіре беріс жолды жөндеу бойынша бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Арал қаласында ұйымдастырылған көшпелі мобильді қабылдау барысында да аудан тұрғындары, қала ішіндегі бірқатар көшелерді жөндеу, мемлекеттік тұрғын үйді жекеменшікке айналдыру сынды мәселелерді алға тартты.

Мобильді топ мүшелері әрбір тұрғынның мәселесімен жеке жұмыс жасап, заңнамалық кеңестер берді. Жолдарды жөндеу, мәдениет үйіне қатысты көтерілген мәселелердің «AMANAT»партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылғанын жеткізіп, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарды жеткізді. Мәселен, аралдықтардың көптен бергі арманы болып, ел игілігіне берілген темір жол үстінен өтетін аспалы көпір де партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде жүзеге асты. Сондықтан көтерілген мәселелер қараусыз қалмай кезең - кезеңімен жүзеге асырылатындығы түсіндірілді.

Жалпы ауданда ұйымдастырылған мобильді қабылдауға 40-қа жуық тұрғын келіп, өз өтініштерін білдірді. Олар осындай көшпелі қабылдаулардың көтерілген ұсыныстардың шешімін табуына оң ықпал етеді дейді. 

Тағы да оқыңыз: