Kyzylorda-news.kz Кез келген адамның құқын әділ қорғай алу – мемлекеттің міндеті әрі негізгі функцияларының бірі. Осы мақсатты заң аясында орындау үшін шынайы сот төрелігін жүзеге асыруға қашанда ерекше назар аударылады. Ал еліміздің дамуындағы экономикалық, демократиялық жетістіктер мен өскелең заман талабы сот төрелігін жүргізуде тың үлгілерге жол ашады. Соның бірі ретінде алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу тәжірибеге еніп, қазіргі таңда оны жетілдіру жүзеге асып жатыр.
Алқаби – соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы.
2006 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Алқабилер туралы» заң қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқық-тық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын болды.
Алқабилер институты – демократияның ажырамас бөлігі ретінде азаматтық қоғам институттарын дамытудағы және адам құқықтарын қорғаудағы маңызды тетік. Сондықтан да алқаби сотын сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз.
Арнайы іріктелген адамдар істің нақты мән-жайын бағалап, шешім шығарады. Азаматтық қоғам мен мемлекет үшін осы институттың құндылығы алқабилердің кәсіби судьяларға қарағанда сот қызметіне істі қабылдауды, өмірлік тәжірибені, ақиқат пен әдептілікті қоғамдық ұғынуды өзгеше енгізуінде болып отыр.
Заңның қабылданғанына жиырма жылға жуық уақыт болса да, заман талабы мен қоғамның қалауына байланысты қарайтын істер санаты мен қылмыс түрлері артып отыр.
Кешегі күнге дейін алқабилердің қатысуымен төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру, бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, террористік және экстремистік қылмыстар, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істерді қарап келсе, өткен жылдан бастап 32 санатқа ауқымы кеңейді.
Ал биылдан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстың түрі 44-ке жетті. Бұған дейін жазасына жиырма жылдан жоғары бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамауға алу үкімі шығарылатын аса ауыр қылмыстар қаралып келген болса, биыл ауыр және орташа ауыр қылмыс баптары қосылды.
Ол үшін қылмыстық іс бойынша күдіктінің, айыпталушының алдын ала тыңдау барысында істі алқабилердiң қатысуымен қарауды сұраған өтінішхаты жеткілікті. Егер сот басты сот талқылауын тағайындағаннан кейiн айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы берген өтiнiшхаты қабылдануға жатпайды.
Сондай-ақ айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және оның барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы екенін, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайтынын ескерген жөн.
Егер сотталушы алдын ала тыңдауда істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды. Олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы соттағы алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімінен алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi.
Бұл жердегі баса мән беретін нәрсе бiр сол адам сот отырыстарына алқаби ретiнде жылына бiр реттен артық қатыса алмайды.
Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабиге кандидаттарға сот талқылауы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетiлген хабарлама табыс етіледі және хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.
Алқабилердің тізіміне енгізу қалай жүргізілетіні, ол тізімге кімдердің енбейтіні «Алқабилер туралы» заңда нақты көрсетілген. Мысалы, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соттылығы бар тұлғалар және тағы басқалары.
Сонымен қатар алқабилер тізіміне енген, алайда сот отырысында төрағалық етушi судья алпыс бес жастан асқан адамдарды, үш жасқа толмаған балалары бар әйелдерді, өзiнiң дiни нанымына байланысты өзінің сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысуы мүмкiн емес деп есептейтін адамдарды, қызметтiк мiндеттерiн орындаудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалiмдер, әуе жолдарының ұшқыштары және басқалар), сот отырысына қатыспау үшiн дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды, олардың ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкін.
Сонымен бірге істің объективті қаралуына күмән келтірілген адам немесе алқаби құрамында болуға өзінің қарсылық білдіруі қанағаттандырылған адам құрамнан шығарылуы мүмкін.
Алқабилер алқасы жиырма бес кандидаттан іріктеу арқылы он екісі, жеребе тарту арқылы он кандидат қалады. Екі кандидат қосалқы алқаби болады. Алқабилер және қосалқы алқабилер сот талқылауы кезiнде сот отырысы залында ұдайы болады.
Төрағалық етушi алқабилерге ант қабылдауды ұсынып, өтiнiш жасайды.
Алқабилер қатысатын сот iстi талқылаған кезде жасалуына сотталушы айыпталып отырған іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелденген-дәлелденбегенін, бұл іс-әрекеттің қылмыстық құқықбұзушылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол нақ қайсы қылмыстық заңда көзделгенін (бап, бөлiк, тармақ), сотталушының осы іс-әрекеттi жасағаны дәлелденгенін-дәлелденбегенін, сотталушының осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда кiнәлi-кінәсіз екенін, оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын, сотталушының өзі жасаған қылмыстық құқықбұзушылық үшiн жазалануға жататынын-жатпайтынын, сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiстігін соттың сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыруға тиiстігін-тиісті еместігін шешеді.
Сот талқылауы жалпы тәртіпте өткізіледі. Ал сот жарыссөзі екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі алқабилердің қатысуымен өткізіледі. Ол жердегі басты айырмашылық – сотталушының бұрын сотты болғандығы не болмағандығы еске алынбай, тек қана кінәсінің дәлелденгені не дәлелденбегені баяндалады. Жарыссөздің екінші бөлігі алқабилердің қатысуымен жүргізіледі.
Жарыссөз, реплика, сотталушының соңғы сөзі аяқталған соң, алқабилер кеңесі бөлмесіне өтіп, сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс-әрекеттердiң әрқайсысы бойынша іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме, бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме, бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме деген үш негiзгi сұрақ қойылады және оған әр мүше жеке дауыс береді.
Дауыстар саналып болған соң iстi тоқтату туралы қаулыны немесе алқабилер қатысатын сот үш сұрақтың ең болмағанда бiреуiне терiс жауап берген жағдайда ақтау үкiмiн не айыптау үкiмiн қабылдаумен аяқталады.
Әрине осындай күрделі рәсімдерден өтуі, қылмыстық істерді халық арасынан кездейсоқ іріктеп алынған адамдардың шешуі қоғамға ешқандай күдік пен күмән қалдырмайды.
Негізінен сот қандай да болмасын істі объективті және жан-жақты қарап, заңды шешім қабылдауға міндетті. Ал алқабилер институтын нығайтып, қаралатын істердің санын арттыру арқылы қылмыстық істерді халық өкілінің шешуімен аяқтауы құқықтық мемлекеттік бағытының дұрыс екендігін аңғартады.
Мейрамбек Ибрашев,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
Фото: Сыр бойы