Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы Полиция басқармасының ұйымдастыруымен қала тұрғындары арасында құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға “нөлдік” төзімділікті қалыптастыру мақсатында «Алаяқтық әрекеттен сақтаныңыз!» атты акциясы өтті.
Акцияға Қызылорда облысы Полиция департаментінің орынбасары полиция подполковнигі Ілияс Жұмағұлов қатысты.
Шара барысында полицейлер интернет-алаяқтықтың түрлерін, жасалу жолдарын, олардың кеңінен пайдаланылатын айла-амалдарын әшкерелеп, халыққа алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін не істеу керектігін түсіндірді.
− Жыл басынан бері өңіріміздегі барлық алаяқтық қылмыстардың саны 192-ге жетсе, соның ішіндегі 59-ы интернет-алаяқтық орын алған. Алаяқтардың құрған тұзақтарына түскендердің қателерінен сабақ алмай, өзіміздің басымызға түскен кезде ғана бармақтарымызды тістеп отырамыз.
Полицейлердің ескертуіне қарамастан, қала орталығының тұрғындары әлеуметтік желілерде алаяқтардың түрлі айла-амалдарымен жиі кездесуде. Осы тұрғыда қала аумағында халық көп шоғырланатын жерлерге интернет алаяқтардан қалай сақтану керектігін түсіндіріп, жадынамалар таратып отырмыз, −деді полиция подполковнигі І.Жұмағұлов.
Қазір қоғамда алаяқтық жолымен жеңіл пайда тапқысы келетіндер өте көп. Оларға алданып қалмау үшін, оларға сенбеу керек. Осы ретте тәртіп сақшылары интернет-алаяқтармен байланысқан кезде шешім қабылдауға асықпай, банкке тексеру үшін қоңырау соғу, қандай жағдай болсын, жеке мәліметтерді айтпау не жолдамау маңызды екендігін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.