Kyzylorda-news.kz Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өңірдегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған оқыту семинар-тренингі өтті.
«Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасы аясындағы іс-шараға қалалық және аудандық қоғамдық даму бөлімдерінің дін саласына жауапты мамандары, облыс орталығындағы мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен дінтану пәнінің мұғалімдері және орталық мамандары қатысты.
Оқыту барысында белгілі теолог, РАТТ мүшесі Т.Талдыбаев әлеуметтік желілерде радикалды идеологияға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы төңірегінде дәріс оқып, интернеттегі түрлі платформаларды тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді. Яғни, фейсбукте білім, ғылым, өнер, саясат сахнасында жүрген тұлғалардың тұшымды жазбалары өтімді болса, ал инстаграм өз біліміңді, танымыңды көрсететін алаң деген тұжырым айтылды. Әсіресе, жеңіл контентті қолдайтын тиктокта батырлар жырын оқу, оқыған кітабыңды айту арқылы бала тәрбиесіне оң әсер ететін бағытта парақшаны дамыту жолдары бар екеніне тоқталды. Қалай болғанда да қоғамдағы теріс идеологияға қарсы материалдар дайындау арқылы жас буынды жат ағымның жетегінен құтқара алатынымыз анық. Бұл ретте, ғаламторда жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үлкен маңызға ие.
сурет sn.kz сайтынан алынған