Kyzylorda-news.kz Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде студент жастармен еркін форматта кездесу өтті. Кездесудің негізі мақсаты - жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Нұрлан Құлбаев және жас сарбаз Мадияр Әбілқасым қатысты.

Еркін форматта өткен кездесу барысында жас сарбаз Мадияр Әбілқасым әскердегі қызмет, жауынгерге тән жауапкершілік, ондағы қызықты сәттер туралы әңгімеледі. «Әскерге барудан қашпау керек, онда өткен уақыттың әрбір минуты қызықты деуге болады. Қасыңда жүрген жолдастарың бір жылдың ішінде бір үйдің балаларындай болып кетеді. Әскерге бару арқылы көптеген достар таптық, тазалықты, ұқыптылықты, азамат ретінде жауапкершілікті сезінуді үйрендік. Бүгінгі таңда мені әскердегі жақсы тәртібім үшін 10 күндік демалысқа жіберді»,- дейді жас сарбаз.

Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету патриот жастардың қолында екендігін айтып, жастарды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырды. Сондай-ақ, ауданда жыл сайын күзгі және көктемгі мерзімде әскерге шақыру науқаны жүргізілетіндігін айтты.

Кездесу соңында жастар сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Фото: https://ortcom.kz/kk/ism-press-anonsy/1659358276

Тағы да оқыңыз: