Kyzylorda-news.kz Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмысты ашу ісінде бұл қызмет үлкен жұмыс атқарады. Қазіргі таңда криминалист мамандығына қызығатын жастар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Ерқанат Болатов Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистка бөлімінің криминалисті, полиция капитаны болып қызмет атқарады.
Ерқанат Қуатұлы 1994 жылы 9 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Әкесінің салған сара жолымен жүріп, әке сөзін екі етпеген ол аталмыш білім ордасын үздікке тәмамдаған. Ата – ана үмітін ақтауда Ерқанат Қызылорда қаласына қызметке орналасады. Алғашқы еңбек жолы 2014 жылы Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметінен бастаған.
«Біздің отбасында полиция қызметінде еңбек еткен адам жоқ. Ал әкемнің досы сол салада жұмыс жасады. Ол кісі келгенде қасына отырамын. Әңгімесіне құлақ саламын. Кейін ол жайында деректер жинауға мән бердім. Жоғары оқу орнында жүргенде сыры көп сала жөнінде білімімді толықтырдым. Келешекте осы сала маманы атануға дайындалып жүрдім. Оқып жүргенде тиісті мекемелерге іс-тәжірибеден өтуге бардық. Сонда арнайы құралдармен жабдықталған чемоданды көзіміз жиі шалатын», - деді Ерқанат Болатов.
Жас жігіт осылайша криминалистика саласының қыр-сырына қанығуға тырысты. Кейбір уақытта түйінді мәселенің тарқауын сол мамандар шешіп жататын еді. Осының барлығы оған ерекше әсер етті.
«Қиын мамандық қой. Кейін полиция саласына қызметке келгенде де маған оңайға соққан жоқ. Патрульдік бекеттерде жүргенде криминалистиканың қыр-сырын бірте-бірте үйрене бастадым. Жедел тергеу тобының ісіне белсене араластым. Оған терең білімнің қажеттігін түсіндім. Бұл саладағы тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алдым. Олар қолдау білдірді. Осылайша саланың қиын соқпағына түсіп кеттік. Қылмыстық оқиға орнында әрбір айғақты сүзгіден өткізуге мән бердім», - деді ол.
Криминалистер жұрттың барлығы біле бермейтін чемоданды арқалап жүреді. Олардың көбісі тұрмыста қолданыла бермейді. Мәселен, ғылыммен ұштасқан ұнтақты қылды қаламмен меңгеру үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Мен 2017 жылдың 5 шілдесінде Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистика бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Рас, ерекше түсті кеудеше киіп маман ретінде чемодан асынып жүру маған бірден бұйыра қойған жоқ. Бөлімде аға криминалист қызметін атқаратын тәжірибелі маманның бірі маған ақыл-кеңесін айтты. «Қылмыс жасырынды айлаға құрылады, айланы әшкерелеу үшін амал керек, ал амалын табу үшін не керек» деп алдыма криминалистика саласына қатысты том-том болған кітаптарды қойды. Олар мен үшін шешуі жоқ теңдеу секілді көрінді. Сол кітаптарды оқып шықтым. Өзіме қажетті көптеген мәліметтерге кезіктірдім», - деді ол.
Жаңылуды жаны сүймейтін із кесуші криминалистің үш қаруы бар екенін айтады. Олар ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек.
Жүктелген зор міндеттің маңыздылығын әбден түсініп, ауыр да жауапты сәтте ұстамдылық танытады. Жасынан өжет, қылмысқа қарсы күрес жүргізу негіздерін шебер меңгерген жігіт Отан алдында қызмет ету жолында көзге түсуде. Қылмыс әлеміне қарсы күресте көптеген операцияларға қатысып, қылмыстарды ашқан.