Kyzylorda-news.kz 2024 жылғы 1 қазаннан бастап коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың борыштарына қатысты жұмысының жаңа қағидалары қолданысқа енгізілді. Енгізілген жаңалықтарды Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
Коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу қағидалары Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 16 тамыздағы № 51 қаулысымен бекітіліп, 2024 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енді.
Аталған қағидалар 2024 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен қол қойылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңды іске асыру мақсатында әзірленген.
Барлығы неден басталды?
2017 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданды, оның нәтижесінде коллекторлардың жұмысы құқықтық аяда реттеле бастады. Аталған заң коллекторлардың ғана емес, сондай-ақ борышкерлердің құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Бірнеше жылдан кейін, 2021 жылғы мамыр айында, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірінші кезекте, борышкер мен коллектор арасындағы қарым-қатынасты өркениетті түрде құруға бағытталған маңызды заңнамалық өзгерістер енгізді. Барлық қабылданған нормалар қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталды. Мәселен, борышкер кредитордан сотқа дейінгі қарызды өндіріп алу және берешекті реттеу жұмыстарын жүргізетін коллекторлық агенттік туралы, оның орналасқан жері, оның қолында жеке деректерінің бар-жоғы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер талап етуге құқылы болды. Және де, борышкер коллекторлық агенттіктің талаптарын толығымен немесе ішінара даулауға құқылы болды.
2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда қаржы ұйымдары үшін міндетті тәртіп қолданысқа енді, оның шеңберінде кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған қарыз алушы өзінің мерзімі өткен берешегін реттеу үшін кредиторға өтінішпен жүгінуге құқылы. Осы тәртіпке сәйкес, коллекторлар, мысалы, мерзімі өткен берешегі өтелген борышкерлерге несие шартының талаптарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен коллекторлық агенттікке жүгіну құқығы туралы хабарлады. Мұны күнтізбелік 30 күн ішінде жасау керек болды. Коллекторлық агенттік осы өтінішті алғаннан кейін оны күнтізбелік 10 күн ішінде банкке немесе МҚҰ-ға жіберуге міндетті болды. Кредитордың шартты өзгерту талаптарын қарау мерзімі күнтізбелік 15 күнді құрады, бұдан әрі банк немесе МҚҰ коллекторлық агенттікке жазбаша нысанда: келісетіні туралы; кредиттік шарттың талаптарын өзгерту жөніндегі өз ұсыныстары туралы; не себептерін көрсете отырып, өзгерістен бас тарту туралы хабарлауға тиіс болды. Ал коллектор кредитор қабылдаған шешімді алғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде борышкерге хабарлауға тиіс.
Қандай жаңалықтар енгізілді?
Жаңа қағидаларға сәйкес, коллекторлық агенттіктер борышкерлерге мынадай мерзім ішінде өз міндеттемелерін орындау талаптарын өзгертуге құқығы бар екенін хабарлауға міндетті:
- 2024 жылғы 1 қазанға дейін сатып алынған берешек үшін: күнтізбелік 20 күн ішінде;
Жаңа берешек үшін: банктік қарыз немесе микрокредит шарты бойынша құқықтарды алған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде. Осылайша коллекторлар үшін азаматтардың кредиттер бойынша берешегін реттеу рәсімдерін жүргізу тікелей міндеті енгізілді.
Бұл ретте, борышкер хабарламаны алғаннан кейін кез келген уақытта (бұрын 30 күн ішінде болған) коллекторлық агенттікке өтініш беруге құқылы. Өтініште өзінің қарыз бойынша міндеттемелерін орындай алмайтын себебін және мәселені шешу бойынша өз ұсыныстарын көрсету қажет. Бұдан басқа, борышкер өтінішке кірісінің азайғанын көрсететін, сондай-ақ қарыз бойынша төлемдерді төлей алмайтынын растайтын құжаттарды қоса ұсынады.
Борышкерде коллекторлар ол мәліметтер мен құжаттарды толық бермеді деп санаса, қосымша мәліметтер жинауға уақыт беріледі. Оған 5 жұмыс күні беріледі, ал коллекторлық агенттік қосымша ақпаратты талап етуге 10 жұмыс күні ішінде құқылы. Осы мерзімнен кейін коллекторлар қосымша мәліметтер талап ете алмайды. Алайда, көрсетілген мерзімде құжаттарды тапсырмау борышкердің өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болады.
Өтінішті қарау процесі
Сонымен, құжаттардың толық пакеті жиналып, мақұлданғаннан кейін, коллекторлық агенттік қарыз алушының өтінішін күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды. Борышкер төмендегі үш нұсқаның бірін ала алады:
- коллекторлар қарыз алушының шарттарын өзгерту туралы ұсыныстарымен келіседі;
- шарттарды өзгерту бойынша қарсы ұсыныс жасайды;
- шарттарды өзгертуге бас тартып, бас тарту себебін негіздеп береді.
Шешім қабылдау кезінде коллекторлар ішкі құжаттарды басшылыққа алады, ол құжаттарда міндетті түрде борышкерлердің санаттары, мысалы, ресми жұмыссыздар немесе халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері екендігінің нақты аражігі көрсетілуі тиіс. Әр санатқа қажетті құжаттардың тізімі және борыш жүктемесін азайту шаралары енгізілген. Бұл ақпаратты коллекторлық агенттіктер заң бойынша өзінің ресми интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Міндеттемелерді біржақты тәртіпте өзгерту
Жаңа қағидаларға сәйкес коллекторлық агенттік борышкер үшін міндеттемелердің шарттарын біржақты тәртіпте анағұрлым қолайлы жаққа өзгертуге құқылы. Бұл мыналар болуы мүмкін:
- Айыппұлдарды, өсімпұлдар мен комиссияларды төмендету немесе жою;
- Борышты немесе пайыздарды толық немесе ішінара кешіру;
- Негізгі борыш пен пайыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу.
Егер коллекторлар жақсартылған шарттарды қолдану туралы шешім қабылдаса, олар бұл жөнінде борышкерге міндетті түрде хабарлауға міндеттенеді. Өз кезегінде борышкер өзгерту шарттарынан бас тартуға және 14 күн ішінде коллекторлық агенттікке тиісті өтініш жазуға құқылы.
Қарыз алушымен жұмыс істеу барысында коллектор әрбір байланыс жасаған кезде өзін таныстыруы, коллекторлық агенттіктің және кредитордың атауын, берешек сомасы мен құрылымын, сондай-ақ міндеттемелерді орындамаудың салдарын хабарлауы тиіс. Бұл ретте, борышкердің банктік шотын бұғаттауға, борышкердің мүлкіне тізімдеме жасауға және оған тыйым салуға, атқарушылық іс жүргізудің шеңберінде аталған мүлікті сатуға коллектордың құқығы жоқ. Бұл жеке сот орындаушыларының құзыретіне жатады.
Жаңа заң және мораторий: тағы нені білу керек?
Бұрын, 2024 жылғы 1 шілдеге дейін халықтың кредиттері бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге мынадай талаптар орындалған кезде рұқсат етілгенін атап өткен жөн:
- кредит шартында қарыз алушының келісімі болған кезде;
- мерзімі өткен берешек болған езде (тұтынушылық кредит бойынша 90 күннен астам, ипотекалық кредит бойынша – 180 күннен астам);
- берешекті реттеу рәсімдері жүргізілген кезде.
Мұндай әрекеттердің нәтижесінде коллекторлық агенттіктер жаңа кредиторлар болып табылатын.
Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңда мораторий - 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін қазақстандықтардың проблемалық тұтынушылық кредиттерін коллекторларға сатуға толық тыйым салу енгізілді. Осы уақытта коллекторлар қарыздарды өндіріп алу жұмысын жалғастыруда, бірақ кредиттер банктер мен микроқаржы ұйымдарында қалып отыр, олар проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуге жауапты болады.
2026 жылғы 1 мамырдан бастап коллекторларға азаматтардың кредиттері мерзім 2 жылдан астам уақытқа кешіктірілген жағдайда ғана берілетін болады. Егер қарыз алушы 90 күннен астам уақыт төлем жасамаса, банк немесе МҚҰ бұл кредитті коллекторларға 2 жыл ішінде бере алмайды. Осы кезеңде кредиторлар берешекті реттеу бойынша іс-шаралар өткізуге тиіс.
Коллекторлық агенттіктермен даулы жағдайларда көмек алу үшін азаматтардың Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының https://stop-collector.kz/ сайтында өтінім қалдыра алатынын, +7707 573 00 00 нөміріне қоңырау соғып немесе +7776 508 33 00 нөмірі бойынша Қазақстан коллекторлар қауымдастығына хабарласа алатынын еске саламыз.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фото: Fingramota.kz