Kyzylorda-news.kz Бүгін Халықаралық қарттар күні аталып өтуде. Fingramota.kz баршаңызды осы тамаша күзгі мерекемен құттықтайды және қаржылық алаяқтарға ең осал топ – егде жастағы адамдар екенін еске салады. Қылмыскерлердің қолданатын танымал тәсілдерінің бірі – телефон арқылы алаяқтық жасау.
Егде жастағы азаматтарды сендіру үшін алаяқтардың ойдан шығарылған түрлі оқиғалар арқылы қылмыс жасайтынын және әлеуметтік инженерлерден қалай қорғануға болатынын айтамыз. Олар сенімге кіріп, құпия ақпаратты немесе ақшаны ұрлауды көздейді.
«Ақшаны қауіпсіз шотқа аударыңыз»
Мысалы, зейнеткерге алаяқтар қоңырау шалып, банк қызметкерлері ретінде өзін таныстырып, оның шотынан біреулер ақша шешіп алмақшы болғанын айтады. Сондықтан ақшаны банк ашқан «қауіпсіз» шотқа жедел аудару қажет екенін хабарлайды. Содан кейін зейнеткерге жіберілген сілтеме арқылы қосымша жүктеп алуды ұсынады. Егер зейнеткер алаяқтардың айтқанын орындайтын болса, барлық жинақтарынан айырылады.
Бұл жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керек: Алаяқтар адам психологиясын жақсы біледі және қандай әлсіз жақтарға қысым жасау керектігін біледі. Бұл жағдайда әңгімені тоқтату маңызды. Содан кейін банкке қоңырау шалып, жағдайды нақтылау қажет. Банк нөмірін табу оңай: ол карта бетінде немесе банк қосымшасында көрсетіледі. Құпия ақпаратты телефон арқылы ешкімге айтпау керектігін есте ұстау қажет.
Ең маңыздысы: картаңыз туралы ақпаратты сұрайтын «банк қызметкерлеріне» сенбеңіз, оның толық реквизиттерін, артқы жағындағы үш құпия цифрды айтпаңыз, ақша аудармаңыз, күмәнді қосымшаларды орнатпаңыз және ешқандай сілтемелерге өтпеңіз. Есіңізде болсын: банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректеріңізді, соның ішінде растау кодтарын, ПИН-кодтарды сұрамайды. Бұл ақпарат тек сіз үшін және үшінші тұлғаларға арналмаған.
«Жаңа қосымшаны шұғыл түрде орнатыңыз»
Кейде зейнеткерлерден ешқандай ақпарат сұрамайды – барлық жұмысты алаяқтар орнататын зиянды бағдарлама жасайды. Сонымен, алаяқтар зейнеткерге қоңырау шалып, банктің қауіпсіздік қызметі жаңа жоғары қауіпсіздік режиміне ауысқанын және белгілі бір қосымшаны орнату керектігін айтады. Сілтеме SMS арқылы немесе мессенджерге жіберіледі, зейнеткер қосымшаны орнатады, содан кейін оның есепшотынан ақша жоғалады, өйткені алаяқтар оның шотына толық қолжетімділігін алып алады.
Дұрыс әрекет ету: барлық қосымшалар міндетті түрде арнайы тексеруден өтуі керек, сондықтан банктер қосымшаларды тек Google Play немесе App Store арқылы жүктеп алуды ұсынады, онда жақсы пікірлер мен бағалаулар бар. Сонымен қатар, банк қызметкерлері әңгімелерді мессенджерге аударуды сұрамайды және ешқашан қосымшаны жүктеп алу сілтемесін жібермейді. Иә, банктердің мессенджерде чат-боттары бар, ал үлкен несие алғанда менеджер хабарлама арқылы кеңес беруі мүмкін, бірақ мұндай сөйлесулер тек ақпараттық сипатта болады және қаржылық операцияларды қарастырмайды.
«Коммуналдық есептегіш орнату немесе зейнетақыны қайта есептеу қажет»
Алаяқтар егде жастағы азаматтарға коммуналдық қызметтердің немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері ретінде қоңырау шалуы мүмкін. Олар электр энергиясы немесе судың есептегішін кезексіз ауыстыруды ұсынады және бұл үшін зейнеткердің ұялы телефонына келген кодты сұрайды. Сонымен қатар, алаяқтар БЖЗҚ өкілдері ретінде қоңырау шалып, зейнетақыға заң бойынша үстеме төлем төленетінін хабарлайды. Олар зейнетақыны қайта есептеу үшін деректерді растауды сұрайды: карта реквизиттері, SMS коды және тағы басқалары. Бұл өте кең таралған схемалар, және, өкінішке орай, көптеген зейнеткерлер қоңырау шалушыларға сенеді және жеке мәліметтерін алаяқтарға беріп қояды.
Дұрыс әрекет ету: әңгімені тоқтатып, жеке ақпаратты ешкімге бермеңіз. Есіңізде болсын: тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады.
«Сіздің балаңыз жол апатына ұшырады»
Тағы бір кең таралған алаяқтық схема ол – алаяқтар жақындарыңыз – балаларыңыз, немерелеріңіз немесе таныстарыңыз туралы ақпаратты пайдаланады. Алаяқтар – тамаша психологтар және мұны өз мүдделері үшін пайдаланады.
Сонымен, алаяқтар зейнеткерге түн ортасында қоңырау шалып, «Сіздің балаңыз/немереңіз жол апатына кінәлі, оны түрмеге отырғызбау үшін шұғыл түрде осындай соманы аудару керек» дейді. Олардың сөздері соншалықты сенімді, көптеген егде жастағы адамдар өз туыстарын құтқару үшін бәрін жасауға дайын болады. Қылмыскерлер ақшаны дропперлердің, яғни жалған тұлғалардың шотына аударуды сұрайды немесе егер сөз қолма-қол ақша туралы болса, «курьерлерді» жібереді.
Дұрыс әрекет ету: ең айқын және дұрыс нұсқа – туысыңызға дереу қоңырау шалып, жағдайды сұрау. Тіпті түннің ортасында болса да.
Мойындаймыз, жақын адамыңыз қиын жағдайға тап болды деген жаңалық алған кезде шоғырлану және ақылмен ойлау қиын. Бірақ бәрібір асығыс шешім қабылдамау және эмоцияға берілмеу керек. Жол-көлік оқиғасы туралы алаяқтық схемалар өте кең таралғанын ескере отырып, жас туыстар қарттарға қоңырау шалуға сене бермеу керектігін және ақпаратты әрқашан тексеру керектігін түсіндіріп, оларды нұсқап отыру қажет.
«Сізге несие рәсімделді»
Алаяқтар банктің атынан қоңырау шалып, сіздің атыңызға несие беру туралы өтінім түскенін хабарлайды. Содан кейін алаяқтар бірнеше схеманы қолдануы мүмкін: олар есепшотқа жақындап қалуы мүмкін, бірақ оны бұзу үшін оларға құпия ақпарат – реквизиттер жетіспейді. Сондықтан олар зейнеткерден деректерді сұрап, есепшотты қорғауға қоймақ болады.
Тағы бір нұсқа – алаяқтар ақшаңызды «қауіпсіз есепшотқа» аударуды сұрайды. Олар ақшаны есепшоттан алып қана қоймай, несие рәсімдеуге тырысуы мүмкін, сондықтан кез келген бейтаныс адам қоңырау шалып, ақша туралы айта бастағанда абай болу керек.
Дұрыс әрекет ету: ешқандай деректермен бөліспеңіз, әңгімені тоқтатып, банкке қоңырау шалыңыз немесе барыңыз. Менеджерге қоңырау шалған алаяқтардың барлық деректерін – қоңырау түскен нөмірді, әңгіменің мәліметтерін хабарлау керек және банкке өтініш жазу қажет. Әрине, құқық қорғау органдарына да хабарласу маңызды – полицияға қылмыскерлерді ұстауға көмектесетін мәліметтер қажет болуы мүмкін.
«Сізге ҰҚК-ден қоңырау шалып тұр, қауіпті қылмыскерді ұстап жатырмыз»
Қарт адамдар көбінесе біреудің беделі мен қысымына бағынады. Олардың көпшілігі құқық қорғау органдарына және басқа ресми тұлғаларға сенуге дағдыланған. Сондықтан, егер оларға КНБ-дан (Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті) қоңырау шалып, қауіпті қылмыскерді іздестіруге көмектесуді өтінсе, олар оған сеніп, көмектесуге дайын болады. Алаяқтар бұл үшін тек ақша аударуды немесе құпия ақпаратты айтуды сұрайды, бәрін қайтарып беруге уәде береді. Әрине, зейнеткер күмәнданып қалуы мүмкін, бірақ ол кезде алаяқтар оны «мемлекеттік арнайы операцияға» кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікпен қорқыта бастайды.
Дұрыс әрекет ету: әңгімені тоқтатып, дереу полицияға немесе ҰҚК-ға қоңырау шалыңыз. Сонымен қатар, жалған полицеймен сөйлескен кезде оның айтқан барлық деректерін жазып отырыңыз – бұл ақпарат құқық қорғау органдарына көмектесуі мүмкін. Әрқашан есте сақтаңыз: шынайы полицейлер мен ҰҚК қызметкерлері ешқашан азаматтардан карта реквизиттерін, ақша аударуды немесе банкоматтан ақша шешіп, оларға тапсыруды сұрамайды.
«Сізге қате аударым түсті»
Мобильді аударымдардың аса танымалдылығын және ыңғайлылығын ескере отырып, алаяқтар зейнеткерлерді оңай және тез алдау жолын тапты. Олардың есепшотына белгілі бір сома түседі, ал содан кейін бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, біреу ақшаны қателесіп жібергенін айтады. Ол ақшаны кері қайтаруды сұрап, аянышты сөздер айтады, мысалы, бұл оның соңғы ақшасы болғанын, жұмысынан айырылғанын, баласының ауырғанын және т.б. Алайда, шындығында ешқандай бала жоқ, зейнеткерді шынайы мәселеден алшақтатуға тырысады. Көбінесе алаяқтар зейнеткердің есепшотын бір маркетплейстегі жоқ тауар үшін төлем қабылдау ретінде көрсеткен. Егер зейнеткер ақша аударса, онда алаяқтар ақшаны алады, ал зейнеткер кейін полицияның бірінші күдіктісіне айналады, себебі тапсырыс беруші ақшасыз да, тауарсыз да қалған.
Дұрыс әрекет ету: ешқашан ақшаны кері аудармаңыз. Банкке хабарласып, аударым туралы айтып, барлық деректерді тексеруді сұраңыз. Сонымен қатар, полицияға хабарласып, өзіңізді барлық күдікке түсуден босату үшін жағдайды баяндаңыз.
Пайдалы кеңестер: телефон арқылы алаяқтардан қалай қорғану керек
Өзіңізге қысым жасауға жол бермеңіз – эмоцияға берілмеңіз, әңгімені тоқтатудан қорықпаңыз, сыни ойлаудың маңыздылығын есте сақтаңыз, әрдайым жағдайды талдаңыз.
Өзіңізді жеңілмейтін адам деп ойламаңыз – шамадан тыс сенімділік сізді алаяқтардың жеңіл олжасына айналдырады. «Кез-келгенмен, бірақ менімен емес» деген ой сізді дұрыс ескермеген жағдайда қателесуге әкелуі мүмкін.
Ешқашан бірден жауап бермеңіз – сізге қанша уақыт аз екенін, бәрі «өртеніп жатыр» деп сендірсе де, әрдайым ойлануға және жағдайды талдауға уақыт алыңыз, және қажетті органдарға қоңырау шалудан қорықпаңыз.
Нақты сұрақтар қойыңыз – қоңырау шалушының деректерін сұраңыз: жұмыс мекенжайы, лауазымы, міндеттері. Әңгіме жазып жатқаныңызды айтсаңыз, алаяқтар бұл уақытта әңгімені тоқтатуға бейім болады.
Сенімді адамдармен ақылдасыңыз – сырт көзбен қарағанда жағдай мүлдем басқаша көрінуі мүмкін және сіздің шешімі жоқ деп ойлаған мәселеңіз оңай шешілуі ықтимал, ал сіз пайдалы кеңестер алып, ақшаңызды және жүйкеңізді сақтап қаласыз. Сонымен қатар, сырттағы адам жағдайды оңай талдап, қауіпті тезірек байқауы мүмкін. Бірақ бұл барлық адаммен емес, тек сенімді жақындарыңызбен бөлісу керек екенін білдіреді.
Егер сізге бірдеңе ұсынса, әңгімені жалғастырмаңыз және бас тартуды үйреніңіз. «Мұны қызыммен немесе ұлыммен талқылауым керек» деген секілді тоқтату фразалары сізге психологиялық қорғаныс береді және алаяқтарға сіздің келісім бермегеніңізді көрсетеді.
Әрқашан банкке және туыстарыңызға қайта қоңырау шалыңыз – қаншалықты сізге уақыт жоқ екенін, «секундтар санаулы» екенін сендірсе де, телефонды қойып, банкке және туыстарыңызға өзіңіз хабарласыңыз. Бұл бірнеше секундты алады, бірақ сізді қаржылық тығырықтан және қысымнан сақтап қалуы мүмкін.
Ешқашан және ешкімге өзіңіздің жеке деректеріңізді, банк картаңыздың реквизиттерін, жарамдылық мерзімін, CVC/CVV-кодын (артына жазылған үш сан), құпия сөзді, SMS-кодты және шоттағы қаражаттың қалдығын айтпаңыз.
Алаяқтардың әрекеті қалай байқалады
Қылмыскерлер өздерін әртүрлі адамдар мен ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, әртүрлі ақпараттық себептерді ойлап табуы мүмкін, бірақ олардың әрекеттерінде бірнеше ортақ белгілер бар, солар арқылы алаяқтарды тануға болады.
Олар:
- шоттағы ақшаның ұрлануы туралы қорқытады;
- SMS-кодтарды атауды сұрайды;
- банктік қосымшадағы құпия сөзді өзгертіп, олар айтқан жаңа құпия сөзді қолдануды сұрайды немесе оны мессенджер арқылы жібереді;
- ақшаны бөтен картаға аударуды сұрайды;
- банкке қоңырау шалмауды талап етеді – телефон желісін алаяқтар басып алды деп сылтауратады, ал қауіпсіздік қызметі «тазалаумен» айналысуда дейді;
- шотты шұғыл сақтандыруды және оны агентке немесе ұйымға төлеуді талап етеді;
- телефонға қауіпсіз қосымшаны орнатуды сұрайды және оған сілтемені өздері жібереді;
- алаяқтардан қорғану үшін құпия ақпаратты жария етпеуді талап етеді;
- егер банк қоңырау шалса, зейнеткердің өзі операцияны орындағанын айтуын сұрайды;
- эмоционалды қысым жасайды, сот ісімен немесе қылмыстық іс қозғалуымен қорқытады;
- уақыт жоқ деп асықтырып, шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Сақ болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге өзіңіздің қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
fingramota.kz