Kyzylorda-news.kz Қазақстанда салық шегерімдерінің сан алуан түрлері, жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелері бар. Салық төлеушілер салық шегерімдерін қалай пайдалана алады, Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрейік.
Салық шегерімдері дегеніміз – салық салынатын базаны азайту тәсілі, ол арқылы жеке тұлғалардың кірістерінен ұсталатын жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшері азаяды. Бұл өзінше бір жеңілдік немесе мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың бір түрі, ол салықты аз төлеуге және сәйкесінше көбірек кіріс алуға мүмкіндік береді.
Шегерімдердің негізгі санаттарын, оларды ұсыну талаптарын және рәсімдеу тәртібін қарастырайық.
Бұл ретте салық шегерімдері Салық кодексінің 342-бабының 1-тармағында көрсетілген тәртіппен дәйекті түрде қолданылатынына назар аударғымымыз келеді.
Міндетті зейнетақы жарналарына (МЗЖ) шегерім
Жұмыс беруші ай сайын қызметкер кірісінің 10%-ын міндетті зейнетақы жарналарына ұстайды. Бұл сома салық салынатын базадан шегеріледі.
Мысалы: 350 000 теңге кіріс кезінде зейнетақы жарналары 35 000 теңгені құрайды. МЗЖ шегерімін қолданғаннан кейін салық салынатын база: 350 000 – 35 000 = 315 000 теңге.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жарналарға шегерім
Міндетті медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері кірістің 2%-ын құрайды. Бұл сома салық салынатын базаны да азайтады.
Есептеу мысалы: 350 000 теңге кіріс кезінде медициналық сақтандыруға жарналар 7000 теңгені құрайды.
Жоғарыда көрсетілген шегерімдерден кейін салық салынатын база: 350 000 – 35 000 -7000 = 308 000 теңге. Осы сомадан 10% мөлшерінде ЖТС есептеледі, оны жұмыс беруші (салық агенті) немесе жеке тұлға дербес ұстап қалады.
Стандартты салық шегерімі
Бұл шегерім салық төлеушілердің көпшілігіне беріледі және ай сайын қолданылады. Стандартты шегерім мөлшері 14 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) тең. АЕК – бұл айлық есептік көрсеткіш, 2025 жылы оның мөлшері 3 932 теңгені құрайды. Тиісінше, стандартты салық шегерімінің мөлшері 2025 жылы 55 048 теңгені (14 АЕК*3932) құрайды.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Егер сіздің жалақыңыз, мысалы, 350 000 теңгені құраса, онда ЖТС есептеу алдында осы сомадан стандартты шегерім шегеріледі (2025 жылы
1 АЕК = 3 932 теңге, 14 АЕК = 55 048 теңге).
Жоғарыда көрсетілген шегерімдерді және стандартты шегерімдерді қолданғаннан кейін салық салынатын база: 350 000 – 55 048 = 294 952 теңгені құрайды.
Сондай-ақ, стандартты салық шегерімдеріне азаматтардың белгілі бір санаттарына, оның ішінде мүгедек адамдарға, ҰОС-қа қатысушыларға, мүгедек балалардың ата-аналарына немесе қамқоршыларына 882 АЕК мөлшерінде шегерімдер де жатады.
Мәселен, 882 АЕК мөлшеріндегі салық шегерімі азаматқа осы тұлға Салық кодексінің тиісті тармақтарын қолдану күніне мынадай санаттағы адамдар болып табылатындығы негізінде беріледі:
- бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектігі бар адам;
- мүгедектігі бар бала;
- мүгедектігі бар баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі – әрбір осындай мүгедек бала үшін ол 18 жасқа толғанға дейін;
– «бала кезінен мүгедектігі бар деген» себеппен осындай мүгедектігі бар деп танылған адамның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі – мұндай әрбір адам үшін оның өмір бойы;
- асырап алушылардың бірі – асырап алынған бала 18 жасқа толғанға дейін әрбір осындай адам үшін;
- жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасыға беру туралы шарттың қолданылу мерзімі кезеңінде әрбір осындай адам үшін – жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасыға қабылдап алған ата-аналардың бірі болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшері.
Бірақ бұл тармақшаның ережелері:
- қорғаншылыққа және қамқоршылыққа мұқтаж адамдардың қорғаншылары және қамқоршылары болып табылатын тиісті білім беру ұйымдары, медициналық ұйымдар, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары әкімшіліктерінің жұмыскерлеріне қатысты олардың осындай ұйымдармен еңбек қатынастарында болуына байланысты;
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеге тұратын (ерлі-зайыптылықта болатын) адамдарға қатысты қолданылмайды.
Салық кодексінің 346-бабының 2-тармағында осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген стандартты шегерімдер осы салықтық шегерімдерді қолдану үшін негіз туындаған, бар немесе болған күнтізбелік жылда қолданылады деп белгіленген.
Сондай-ақ Қазақстанның салық заңнамасында 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін басқа да салық шегерімдері көзделген, оларға мыналар жатқан:
- ерікті зейнетақы жарналары бойынша шегерім;
- медицинаға шегерім;
- сыйақылар бойынша шегерім.
Мысалы, медицинаға салықтық шегерімді Қазақстанның резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына (косметологиялықтан басқа) көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалған шығыстар бойынша қолданады.
Сыйақылар бойынша салық шегерімін Қазақстанның резидент-жеке тұлғасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен («Отбасы банкі» АҚ) алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы төлеуге жұмсалған шығыстары бойынша қолданады.
2025 жылдан бастап қандай жаңалықтар енгізілді
Салық кодексінде осы жылдың басынан бастап жеке тұлғалар салық салынатын кірісті анықтау кезінде салықтық шегерімдердің мына жаңа түрлерін қолдануға құқылы екендігі көзделген:
Көп балалы отбасылар үшін шегерім.
Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көп балалы отбасылардың отбасылық бюджетіне салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін жаңа норма қолданыла бастады. Ол жаңалықтарға сәйкес көп балалы отбасылар (көп балалы отбасында кәмелетке толмаған төрт және одан да көп бала болу шартымен) қосымша шегерімді қолдануға құқылы (Салық кодексінің 347-бабы).
Көп балалы отбасы үшін салықтық шегерім АЕК-тің 282 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде (2025 жылы – 1 108 824 теңге) жиынтығында екі ата-анаға мынадай тәртіптердің бірімен:
көп балалы отбасы ата-анасының біріне – әрбір ай үшін АЕК-тің 23 еселенген мөлшерінде (2025 жылы – 90 436 теңге);
көп балалы отбасы ата-анасының әрқайсысына әрбір ай үшін АЕК-тің 12 еселенген мөлшерінде (2025 жылы – 47 184 теңге) қолданылады.
Шегерім қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына жеке тұлғаның кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы болған жағдайда, көп балалы отбасы үшін салықтық шегерім қолданылатынын, ол осындай балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталатынын атап өткен жөн. Жұмыс беруші осы шегерімді қолдана бастауы үшін қызметкер кадр қызметіне немесе бухгалтерияға салықтық шегерімге өтініш пен растайтын құжаттарды ұсынуы керек.
Мысалы: кіріс 350 000 теңге болған кезде көп балалы отбасы үшін ай сайынғы шегерім 90 436 теңгені (23 АЕК) құрайды, бұл салық салынатын базаны 259 564 теңгеге дейін төмендетеді.
Сыйақылар бойынша және оқуға арналған шегерім.
Сондай-ақ, өзгерістер ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін сыйақылар бойынша шегерімдер енгізуге де қатысты болды. Бұған дейін азаматтар тек Отбасы банкінде берілген ипотекалық кредиттер үшін сыйақылар бойынша шегерім алған болатын. Алайда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар ипотекалық кредит ресімделген банкке қарамастан салықтық шегерімдер (жылына 118 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) ала алады (ҚР Салық кодексінің 351-бабы).
Ипотека бойынша әрбір төлем екі бөліктен тұрады:
Негізгі борыш – сіз кредитке алған сома және банктің сыйақысы – ақшаны пайдаланғаныңыз үшін пайыздар. Дәл осы банктің сыйақысы бойынша шегерім алуға болады.
Мысал: егер ипотека бойынша ай сайынғы төлем 350 000 теңгені құрайтын болса, оның ішінде 150 000 теңге – бұл сыйақы, ал 200 000 теңге – негізгі борыш. Салықтық шегерім тек сыйақы сомасына есептелетін болады.
Қанша үнемдеуге болады?
Шегерімнің мөлшері бір күнтізбелік жыл үшін 118-еселік айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) шектелген. Бұл дегеніңіз, салықты есептеу үшін шегерімінің ең жоғары сомасы 118 × 3 932 = 463 976 теңге болатынын білдіреді.
Шектеу қалай әсер етеді?
Егер бір жыл ішінде сіз 350 000 теңгеге пайыздар төлеген болсаңыз, онда тұтастай осы сомаға шегерім аласыз (118 АЕК шегіндегі сома). Егер пайыздар сомасы 500 000 теңгені құраса (118 АЕК-тен астам сома), онда шегерім 463 976 теңгемен шектеледі.
Басқа салықтық шегерімдердің қолданылуын есепке алмай, мысал арқылы талқылайық:
Егер сіздің еңбекақыңыз айына 700 000 теңгені құрайтын болса, онда сіз жыл сайын кіріс салығының 10 %-ын 840 000 теңге төлейсіз (700 000 × 12 × 10 %) (шегерімдер мен түзетулерді қолданусыз). Сыйақылар бойынша шегерімді қолдану арқылы салық есептеу үшін салық салынатын база ипотекалық қарыз бойынша іс жүзінде төленген сыйақы сомасына (егер сыйақы сомасы бір жылда 118 АЕК-тен аспайтын болса) немесе 463 976 теңгеге (егер сыйақы сомасы бір жылда 118 АЕК-тен асатын болса) азаяды.
Оқуға арналған салықтық шегерім (Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, техникалық және кәсіптік білім беруге, орта білімнен кейінгі, жоғары білімге, оның ішінде дербес білім беру ұйымдарында) жеке тұлғаның өз пайдасына немесе заңды өкілдің 21 жасқа толмаған, басқа адамның асырауындағы Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасының пайдасына жүргізген оқу ақысына бір жыл ішінде 118 АЕК шегінде қолданылады.
21 жасқа толмаған адам оқуға арналған шегерімді өзі дербес түрле қолданатын жағдайда, заңды өкіл көрсетілген салықтық шегерімді қолданбайды.
Салықтық шегерімді қалай ресімдеуге болады?
1. Ипотекалық қарыздар бойынша шегерімге төмендегі құжаттар талап етіледі:
Ипотекалық қарыз шарты.
Пайыздар (сыйақы) сомасы көрсетілген төлемдер кестесі.
Пайыздардың төленгенін растайтын түбіртектер немесе басқа да құжаттар.
2. Балаларды оқытуға арналған шегерімдер үшін төмендегі құжаттар қажет:
• Қызметтер көрсету шарты.
• Төлем құжаттары (чектер, түбіртектер, үзінді көшірмелер).
Одан әрі барлық қажетті құжаттарды қоса беріп, жұмыс берушінің атына салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініш беру қажет. Құжаттар мен өтінішті бергеннен кейін бухгалтерлердің шегерімдерді қолдану және салық сомасын қайта есептеу дұрыстығын тексеріңіз.
14 АЕК стандартты шегерімдер мен МЗЖ және ӘМСЖ бойынша шегерімдер үшін қосымша құжаттар талап етілмейді, себебі олар автоматты түрде қолданылады.
Көп балалы отбасылар үшін салық шегерімдері және басқа да салық шегерімдерінің жалпы сомасы 564 АЕК-тен (2 217 648 тг) аспауға тиіс екендігін атап өтеміз.
Салықтық шегерімдерді өз бетімен қолдануға болады ма?
Жеке тұлға басқа да салықтық шегерімдерді кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынған жағдайда өз бетімен қолдануға құқылы.
Төлем көзінен салық салуға жататын қызметкердің кірісін алған кезде, жеке тұлға күнтізбелік жыл үшін басқа да шегерімдердің жоспарланатын сомасы ретінде айқындайтын шегерімдердің жалпы сомасының ең үлкен шегінің 564 АЕК-тің (2 217 648 теңге) жартысы – 282 АЕК-тен (1 108 824 теңге) аспайтын мөлшердегі басқа да шегерімдердің алдын ала сомасы ғана қолданылады.
Жеке тұлға өтініште осындай соманы көрсетеді және оны салық агентіне береді. Салық агенті растайтын құжаттарсыз жеке тұлғаның өтініші негізінде салық салынатын кірісті басқа салық шегерімдерінің алдын ала сомасына азайтады.
Жеке тұлғаның басқа шегерімдердің алдын ала сомасын қолдануы мұндай адамды күнтізбелік жылдың қорытындылары бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсынуға міндеттейді.
Бұл ретте, жеке тұлға мемлекеттік кірістер органдарының одан әрі бақылауын жүзеге асыру мақсатында кірістер мен мүлік туралы декларацияға (270.00-нысан) растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беруге тиіс.
Жеке тұлға күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияда салық шегерімдерін іс жүзінде төмендегідей қолданған жағдайда:
1) басқа шегерімдердің алдын ала сомасынан жоғары сомада қолданса, ол ЖТС бойынша асып кеткен соманы есепке жатқызуды немесе қайтаруды талап етуге құқылы;
2) басқа шегерімдердің алдын ала сомасынан аз сомада қолданса, ол іс жүзінде есептелген және төленген ЖТС сомасы арасындағы айырманы төлеуге міндетті болады.
ЖТС бойынша артығымен шыққан соманы есепке алу және (немесе) қайтару үшін салық органдары салық шегерімдерін қолданудың заңдылығын салыстырып тексеруді жүргізеді. Салыстырып тексеру кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынған мерзімінен кейін бір жыл ішінде жүргізіледі (2025 жылғы міндеттемелер бойынша қайтару 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады).
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фото: fingramota.kz