Kyzylorda-news.kz   Қазір төрткүл дүние дүрлігіп, 3-ші дүниежүзілік соғыстың сәл-ақ алдында тұр десек, мұнымызды ешкім қате дей қоймас. Украина мен Ресейді айтпағанның өзінде Газа аймағындағы қақтығыстыңда бітер түрі жоқ. Сириядағы ахуалды да тұрақты дей алмаймыз. Ауғанның да жағдайы мәз деуге келмейді. Осының бәрін көріп отырған халқымыз бейбіт өмірге шүкір етіп, өмір сүріп жатыр. Бірақ біздің елде бәрі бірдей керемет деу қателік болар. Өйткені қос бүйірден қысқан қымбатшылық, қарызға батқан халық айлығын шайлығына әрең жеткізіп отыр. Ащы иә. Әйтсе де шындық осы.

Банкроттық дұрыс қадам ба?

          Шынын айту керек, қарапайым жұрттың қарызы алаңдатарлық жағдайда. Несиені жабу былай тұрсын, ай сайынғы берешекті төлеу үшін де несие алатындар бар. Мүлік пен киімді айтпағанның өзінде азық-түліктінесиеге алатындар көбейген.Қарызға батқан азаматтарды тығырықтан шығару үшін мемлекет бірнеше бағытта жұмыс істеп отыр. Соның бірі – банкроттық. Жалпы2023 жылғы 3 наурыздан бастап төлем мерзімі өткен қарыздары және микрокредиттері бар азаматтар банкроттық рәсіміне өтініш бере алады. Міндетті талап ретінде борышкердің проблемалық берешекті реттеу рәсімінен өтуі көрсетілген.2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Egov-тағы мәліметтерге қарағанда банктер мен микроқаржы ұйымдары  оны орындауға және қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдауға берген борышкерлердің өтініштерін қарауға міндетті.

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талабы бойынша кредиттік ұйымдар қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тәртібі ескерілетін ішкі нормативтік құжаттарды жаңартты. Ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және мобильдік қосымшаларда банктер мен МҚҰ мерзімі өткен берешекті реттеу тетігі туралы ақпарат орналастырады, сондай-ақ кредиттерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша қарыз алушыларға кеңес беру үшін қосымша жедел желілер ашады, – деп жазылған Egov-та. 

Қаржылық сауаттылық та маңызды

Қарапайым жұрттың қарыз мәселесіне келгенде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыс жоқ емес. Президенттің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімі мен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегені белгілі. Бірақ ахуалды біржолата түзеу мүмкін болмай тұр. Ол үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен халықтың қаржылық сауатын арттыру да маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықтың қаржылық сауаттылығына, бюджет пен макроэкономикалық саясатқа ерекше назар аударды. «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы халықтың әлеуетін арттыру мәселесін көтерді. 

Түптеп келгенде Президенттің бұл бастамасының астарында халықты қарыздан құтқару керек деген ой жатқаны анық.Президент макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керектігін қаперге салды. Мемлекет басшысы Жолдау барысында экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бергенін және оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық екенін атап өтті. Сондай-ақ қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керектігін баса айтты.

– Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, – деді Қазақстан Президенті халыққа Жолдауында.

Президент тапсырмасынан соң үкімет шұғыл іске кірісіп,«Amanat» партиясыменбірге халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмысты бастады. Басты мақсат – азаматтарға дұрыс жолды көрсету, қаржыны дұрыс жоспарлауды үйрету. Адамдар өз қаражаты мен қарыздарын дұрыс басқаруы үшін жоба назары қаржылық сауаттылыққа бағытталды. Әуел баста тұрғындармен жұмыс істейтін менеджерлерді оқытудан басталды. Мамандар бұл қадамның келешекте қаржы-қаражаттан қиналып қалмаудың алдын алып, ақшаға барынша жауапкершілікпен қарауға жетелейді деп отыр.

Қарызды қалай реттейді?

Азаматтардың проблемалық берешегін реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің тиімділігін арттыру үшін банктер мен МҚҰ-ға жаңа талаптар белгіленді, деп жазылған Fingramota.kz таратқан ақпаратта.

 

Мәселен, егер 2021 жылғы 1 қазандағы заңда қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға мерзімі өткен берешекті реттеуге 30 күн ішінде өтініш бере алса, онда ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап нормативтік құқықтық акт қарыз шартының талаптарын өзгертуге, оның ішінде мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң өтініш беруге мүмкіндік береді.

Демек, қарыз алушы мерзімнің өту күніне қатаң байланысты емес және кез-келген ыңғайлы уақытта қарызды реттеу үшін кредиторға жүгіне алады. Жаңа ережелер банктің мобильдік қосымшасы арқылы банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтініш беруге мүмкіндік береді.

– Тағы бір норма банктер мен МҚҰ кредитті қайта құрылымдау мәселесін қарау үшін қарыз алушыдан мерзімі өткен берешекті немесе оның бір бөлігін біржолғы өтеуді талап ете алмайтынын көздейді.Іс жүзінде кредит бойынша төлемдердің жаңа кестесін ұсыну үшін көптеген банктер мен МҚҰ қарыз алушыдан алдымен берешек сомасының 20-30%-ы мөлшерінде жарна төлеуді талап еткен және осыдан кейін ғана қайта құрылымдау мәселесін шешуге кіріскен. Енді мұндай практика болмайды.Азаматтардың Агенттікке жолданымдарынан банктер кредиті бойынша мерзімін өткізу пайда болған қарыз алушыларға олардың құқықтары мен міндеттері жөнінде толық ақпарат бермейтін проблеманың орын алатыны белгілі болды, – дейді мамандар.

Ендігі жерде Агенттік бекіткен қарыз алушыны пайда болған мерзімі өткізу туралы хабардар ету нысанында негізгі борыш бойынша мерзімі өткен берешектің толық сомасы, сондай-ақ есептелген сыйақы көрсетілетін болады. Сонымен қатар, хабарламада негізгі борышты қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін есептелген айыпақының (өсімпұлдың) сомасы болуға тиіс.

Иә, Fingramota.kz-тегі ақпарат осы. Сарапшылар мен менеджерлердің пікірін жинақтаған интернет ресурс халыққа барынша тиімді әрі қолайлы жолды таңдағаны көрініп тұр.

Тұрғындар не дейді?

Несиеге әбден батқан, тығырыққа тірелген кез келген адамнан сұраса да мемлекет несиемізді кешірсе екен деген сияқты ой айтатыны анық. Мұны жасырып қайтеміз? Бүгінде киетін киімі мен тұтынатын азық-түліктің өзін банк арқылы (каспи ред) алатын тұрғындар қарызға әбден батты десек те болады.  Тұтынушылық бағыттағы несиенің артуына да осы жағдай әсер етіп отыр. Айлығы шайлығына жетпейтін, оның үстіне жұмыссызы да аз емес қарапайым жұрт қаржының тапшылығынан амалсыз банкке жүгінеді. Халықты мұндай күйден кім құтқарары белгісіз. Тек өйту керек, бүйту керек деп, көлгірсіп ақыл айтатындар азаймай тұр. Біз несие жайын сөз етіп, тұрғындарды әңгімеге тартқан едік...

– Қазір қымбатшылық белең алды. Базарға барсаң бір апталық азық-түліктің өзін алу үшін 20-30 мың теңге кетеді. Одан бөлек несиеміз бар. Бір айда аздап, үнемдеп тұтындық дегеннің өзінде азық-түлікке кететін қаржы 100 мыңнан асып тұр. Шынын айтқанда, несиені несие алып жабатын болдық қой, – дейді Айман Шәкенқызы есімді тұрғын.

Ал, Жақсылық Айнақожаев есімді жігіт ағасы: «Менің өзім айына 200 мың теңге несие төлеймін. Айлығымды аламын да банкке беремін. Отбасымызды асырау үшін таңертең жұмысқа дейін және кешкісін жұмыстан соң таксист боламын. Әйтпесе жетпейді. Үйдегі бала-шағаға тамақ керек, киім керек дегендей. Азық-түліктің бағасын айтпағанның өзінде құрылыс заттары да қымбат», – дептабысы несиеден артылмайтынын айтты.

Ескерте кетейік, тұрғындардың өтініші бойынша аты-жөндерін өзгертіп жаздық.

Банкрот болуға асықпаңыз

Банкроттық туралы әңгіме қозғала бастағаннан-ақ несиеге кіріптар болғандар берешегіміз кешіріле ме деп ойлай бастады. Бәрі емес әрине. Бірақ ел ішінде осындай әңгіменің болғаны рас. Оған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңның қабылдануы себеп болды. 2023 жылғы наурыз айының алғашқы күнінен жүзеге аса бастаған заңның мақсаты  халықтың шектен тыс несие алуын азайту еді. Шынында, заң бойынша мыңнан аса отандасымыз банкрот деп танылды. Алайда мамандар бұл қадамға баруға асықпауға шақырады. Соның бірі экономист Мақсат Халық. Ол Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің журналистеріне берген пікірінде өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға, қарыздың шырмауына батқан жандарға бұл заңның пайдасы тиеді деген үміттеміз деген ойын білдірген. 

– Дегенмен мен азаматтарға өз-өзіңізді банкрот етуге асықпаңыз дер едім. Себебі азаматтардың басым көпшілігінің қарызы 300-400-500 мың көлеміндегі қарыздар. Бұл өзіңізді 5 жыл бойы банкрот деп жариялап тастайтындай көп қарыз емес. Себебі ертеңгі күні материалдық жағдайыңыз жақсарып, табыс таба бастаған кезде кәсіппен айналысқыңыз келуі мүмкін. Сол кезде тағы да несиеге жүгінгіңіз келсе, жолыңыз жабық, кедергі болады. Себебі банкрот болғаннан кейін 5 жылға дейін ешқандай банк сізге несие бермейді. Тіпті шетелге шыға алмайсыз. Тек екі жағдайды рұқсат етіледі,  шетелде тұратын жақын адамы қайтыс болып жатса, сондай дәлелді себептер болған жағдайда ғана деп заңда көрсетілген. Мінеки, бұл банкрот деп жариялауға асықпаған да дұрыс екенін көрсетеді. Бір айта кетерлігі, өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға, қарыздың шырмауына батқан жандарға бұл заңның пайдасы тиеді деген үміттеміз, – дейді экономист Мақсат Халық.

Түйін.:Қалай болған күнде де, мемлекет қандай жасаса да қарызға батқан халықты тығырықтан шығару керек. Өмір тек ертегіде ғана әдемі болмауға тиіс. Ал біздің халық ертегідегідей өмір сүруге әбден лайық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Фото: freepik.com 

Тағы да оқыңыз: