Kyzylorda-news.kz Бүгінде интернет алаяқтық көбейді. Халыққа қанша рет ескерту жасалып, сақтық шаралары жүргізілсе де алаяқтарға тап болып жатқандар саны өсуде. Оның үстіне жақында 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі таралып кетті. Бұл өзге адамның атынан несие алуға үлкен олжа. Өкініштісі халық алаяқтың құрбаны болып, өзі алмаған несиені төлеуге мәжбүр. Тіпті ол миллиондар болса да. Өз атынан рәсімделген несие болған соң, төлемеске амал жоқ...
16 маусымда Қазақстан тұрғындарының жеке дерегінің тарап кеткендігін кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев растады.
– Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар тіркелген жоқ. Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау ерте, – деді.
Қызылорда облысының прокуратурасының былтырғы берген мәліметінде «IT ТERGEU» жобасы аясында интернет алаяқтық қылмыстарды дер кезінде ашу мен сапалы тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін «Киберпол» тобы құрылып, құрамына тәжірибелі прокурорлар мен полиция қызметкерлері енгізілгені көрсетілген. Жасанды интеллект мүмкіндігін қолданып, 749 қылмыстық іс бойынша 1074 ұялы телефон нөмірі тексеріліп, 151 қылмыс ашылып, 62 қылмыскер құрықталған екен.
Интернет алаяқтық – заманауи технологиялардың дамуына байланысты кең таралған қылмыс түрі. Біздің елімізде де бұл мәселе өзекті болып отыр. Себебі жыл сайын мыңдаған азаматтар киберқылмыскерлердің құрбанына айналуда. Түрлі желілер арқылы алаяқтардың арбауына түскен азаматтың саны аз емес.
Облыстық полиция департаментінің киберпол басқармасы бастығының орынбасары Тимур Хамитов интернет алаяқтықтың алдын алу үшін өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.
– Интернет алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында болып отыр. Ол дегеніміз қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез келген уақытта интернет алаяқтың құрбанына айналуы мүмкін. Қылмыскерлер уақыт талабынан қалмай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілін қолдануда. Әсіресе, олар әлеуметтік желінің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр. Жыл басынан бастап облыста 186 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 66 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған. Қазіргі уақытта өңірде ең жиі кездесіп жүрген бірнеше интернет алаяқтықтың түрі бар. Ең жиі кездесетіні – өзін ұялы байланыс операторы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректеріңізге қол жеткізгісі келеді.
Айта кету керек, Қазақстанның байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шетелден қоңырау шалатын нөмірлерді бұғаттайды. Осы уақытқа дейін 50 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Облыста интернет-алаяқтық қылмыстарымен айналысу мақсатында «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы» құрылып, арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталып ашу бағытында жұмыстарды атқаруда, – деді Тимур Зуфарұлы.
Алаяқтардың аңыздары әртүрлі болды. Бірақ әрқашан бір нәрсе – сіздің «көмегіңізсіз» бірде-бір алаяқ сіздің шотыңызға қол жеткізе алмайды. Статистикаға сәйкес, банктік карталарға байланысты барлық алаяқтықтықтың 95%-дан астамы пайдаланушылар қаскүнемдерге жетпейтін қажет ақпаратты: смс-кодтарын, CVV-кодтарын және жарамдылық мерзімді, жеке кабинеттің құпиясөздерін өздері берген кезде болады. Осылайша, адамдар өздерінің жинақтарынан хакерлер шоттарын бұзғандықтан емес, өздерінің сенгіштігіне байланысты айырылады. Бұл туралы fingramota.kz мәлімдеді. Кейбір тұтынушылар өздерінің деректерін, телефон нөмірлері мен карталарының деректемелерін жалған байқаулар, ұтыс ойындары мен сауалнамалардың парақшаларында немесе нағыз нақты қаржы ұйымдарының, дүкендер мен басқа да компаниялардың жалған сайттарында енгізеді.
Бұдан басқа, алаяқтар өздерін біреудің достары мен таныстары ретінде таныстырып, аккаунтты бұзу арқылы сіздің байланысатын адамдарыңыздан қарызға ақша сұрай алады. Есіңізде болсын, сіз тіпті көмектесуге дайын болсаңыз да, ақпаратты міндетті түрде тексеріп алуыңыз керек, ол үшін қоңырау соғыңыз, ал ең дұрысы жеке кездесіңіз. Ешбір жағдайда қаражатты түсініксіз және бейтаныс карталар мен шоттарға аудармаңыз. Сонда сіз аударымның адресатқа жететініне сенімді боласыз.
Облыстық сот берген мәліметке көз жүгіртсек, интернет алаяқтықтық құрбаны болғандар біздің өңірде де жеткілікті. Сот арқылы шешіліп, медиацияның көмегімен шешімін тапқандар да бар. Мәселен, Байқоңыр қалалық сотында 1 000 000 теңге көлемінде негізсіз баюды және сот шығындарын өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралған. Талап қоюшы өзінің интернет-алаяқтардың құрбаны болғанын, азаматтық-құқықтық қатынастардың жоқтығына қарамастан, белгісіз тұлғаның банктен несие алып жауапкерге ақша аударуға көндіргенін, оның есебінен жауапкер негізсіз байығанын көрсеткен. Нәтижесінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келгенін айтып, аралағындағы келісімді бекітуді сұрады. Келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға ақшаны әр ай сайын 50 000 теңгеден төлеп тұруға міндеттелді.
Сондай-ақ Шиелі аудандық сотында талап қоюшы жауапкерден негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы азаматтық ісі қаралған.
Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшының ұялы телефонына өзі жұмыс істейтін емхана директоры азамат Қ.-ның атынан «Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері Қазақстаннан тыс жерлерге аударымдармен айналысатын емхана қызметкерлеріне қызығушылық танытып отырғаны туралы» sms-хабарлама келген. Осыдан кейін ұялы телефонына Н. есімді азамат хабарласып, өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырып, «Талап қоюшының есепшотынан тыйым салынған ұйымдардың шоттарына ақшалай қаражат жөнелтілгенін» айтып сендірген және осы мәселе бойынша банк қызметкері хабарласатынын айтқан.
Әрі қарай талап қоюшыға өзін банк қызметкері ретінде таныстырған азаматша қоңырау шалып, белгісіз біреулер талап қоюшының атынан несие алуға тырысып жатқанын айтып, оның нұсқауы бойынша «Хоум Кредит банк» бөлімшесіне барып, 2 000 000 теңге сомасында несие, «Банк Центр Кредит» бөлімшесіне барып 675 000 теңге сомасында несие, «Каспи Банк» бөлімшесіне барып 1 000 000 теңге сомасында несие алдырып, «Банк Центр Кредит» АҚ-ның терминалы арқылы бірнеше операциялар жасап, ақшалай қаражаттарды жібергізген. Одан әрі талап қоюшы жауапкердің есепшотына 500 000 мың теңге аударып жіберген.
Алаяқтарға алданып қалғанын білгеннен кейін талап қоюшы полицияға арызбен жүгініп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.
Талап қоюшы талабында емхана директорының атынан сөйлескен алаяқтар екенін кейін білгенін, жауапкер Ш.-ның карточкалық есепшотына 500 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатты аударып жібергенін көрсетіп, жауапкерден ақша өндіруді сұраған.
Жауапкер сотта талап қоюды толығымен мойындап, азаматтық істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған. Шиелі аудандық сотының шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкерден негізсіз баю сомасы 500 000 теңге және сот шығындары өндірілді.
Облыстық сот берген мәліметте осыған ұқсас жағдайлар көп кездескен. Біршама іс медиация көмегімен шешімін тапқан. Десе де, алаяқтарға алданып, маңдай терімен тапқан еңбек ақысымен төлеп жүргендер қатары қанша? Интернет алаяқтық жасқа да, кәріге де қарап тұрған жоқ. Адамның оп-оңай сеніміне кіріп, көздеген мақсатына жетуде. Бұларға тоқтау болатын уақыт әлі жақын емес. Сондықтан да алаяқтан сақтанып, қаржылық сауаттылықты арттырып, кімге болса да сене салмаған абзал...
Мөлдір САБЫРЖАН
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ